21.08.2015, 04:08

Қайрат Түнтеков таптырмай жүр

kz.troniks.kz

Қайрат Түнтековке іздеу жарияланды. Осыдан 3 жылдай бұрын Алматыда жол апатына себепкер болған белгілі әнші зардап шеккен тарапқа төлеуі тиіс өтемақыны әлі бермей жүр екен.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Естеріңізге сала кетсек, Қайрат Түнтеков көлік апатын 2012 жылдың желтоқсанында жасаған болатын.

Бас жарылып, адам өлген жоқ. Бірақ оның Toyota Camry-і Land Cruiser-ге әжептәуір зақым келтірген. Бұнызы аздай, ол көлігін құжатсыз жүргізген болып шықты.

Кейін сот оны сол үшін 40 күнге қамауға алып, джиптің иесіне 4 млн теңге көлемінде материалдық шығын өтеуді міндеттеді.

Алайда зардап шеккен Назира Есенамановаға 3 айдың ішінде небәрі 30 мың теңге ұстатқан «SuperStar» жұлдызы әлі күнге дейін ұстатпай келеді.

Кезінде оның әріптестері қолдау ретінде концерт ұйымдастырып, қаржы жинап берген еді. Бірақ жиналған ақша сол күйі өз мақсатына жұмсалмаған көрінеді. Енді оны полицейлер қолына шам алып іздеуге көшті.