$ 481.84  531.33  5.07

Енді ұшақта шу шығарғандарды байлап тастайтын болды

Енді әуе кемесінде тәртіп бұзып, елдің мазасын алатындармен әңгіме қысқа болады. Ішімдік ішіп, шу шығарғандарды борт қызметкерлері байлап-матап тастаса да толық құқылы деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Жыл басынан бері әуе кемесінде тәртіп бұзған 23 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мұндай фактілерді алдын алу мақсатында тиісінше заң жобасы қабылданды.

Бұл күнде бортта шу шығарып, елдің мазасын алатындарды ұшақтан түсіріп тастау үшін бағытты өзгерту керек. Қысқасы машақаты мол мәселе. Енді министрлік өкілдері эпикажға басымдық беруді ұсынды.

«Тәртіп бұзған жолаушы айналасындағы азаматтарға қауіп төндірмес үшін және борт талабын бұзбау мақсатында оны отырған жерінен қозғалмауы үшін бүкпе қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ, арнайы пластикалық кісен салынады. Әуе кемелеріндегі мамандар ондай азаматтармен жұмыс істеуді үйренген» – дейді ҚР Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.

Артықшылық берілді екен деп айтқаннан шығып кетпей ме? Мәжіліс төрағасы заң жобасын оқып отырып осыған назар аударды. Тәртіп бұзғанымен қоса күдік тудыратын азаматтың өзін байлап тастаса ертең ол әділдік талап ете ала ма деген сауал қойылды.

«Экипаж тарапынан азаматқа қатысты қандай да бір заңға қайшы әрекет жасалса олар ешбір сот тергеу барысында жауапкершілікке тартылмайды деп жазылған. Сіздер бұл норманы соттан биік қойып тұрсыздар ма? Ал егер сот жолаушының іс-әрекетінен кінәрат таппаса ше?» – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин.

Заң жобасының бұл бабына байланысты министрлік өкілдері нақты жауап таба алмай абдырап қалды. Алайда көптеген мысалдар келтіру арқылы ақыры жауап табылды.

«Егер мұндай жағдай сотта қаралатын болса, онда сот істі жан жақты қарайды. Егер экипаж мүшелерінің қабылдаған шешімі талапқа қайшы болып шықса олар жауапкершілікке тартылады» – дейді ҚР Әділет министрінің орынбасары Эльвира Азимова.

Әуеге көтерілсе өзін көк тіреп тұратындай сезінетіндер біздің қоғамда жетіп артылады. Солардың бірі атышулы Мақсат Үсенов. Өткен жылы ұшақ ішінде шылым шегіп, алкоголь ішіп жолаушылар мен эпикаждың мазасын алған ол 10 таулікке қамау түрінде әкімшілік жазаға тартылған болатын.

Борт қауіпсіздігі жайлы сөз қозғалғанда жақында ғана тіркелген тағы бір жайт еске түсіті. Ұшаққа рұқсатсыз кіріп кеткен әнші Төреғали Төреәліге қарсы әзірге нақты қандай шара қолданылатыны жайлы министрлік өкілдері ашып ештеңе айта алмады. Тек әуежай қызметкерлері жауапкершілікке тартылғанын жеткізді. Заң қабылданғанымен анығы бір, билетсіз адам ұшақ ішінде еркін кіріп жүрсе берсе қауіпсіздік талаптары Қазақстанда әлі күнге төмен дегенді білдіреді.

Дереккөз: Stan.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары