Алматыдағы кейбір тұрғын үйлерде әлі күнге дейін жылу жоқ деп жазады ҚазАқпарат тілшісі.
Осыдан екі күн бұрын «Алматы жылу желілері» кәсіпорнының өкілдері қала нысандарына жылу берілетінін хабарлаған болатын. Алайда, әлі де жылусыз отырған үйлер көп.
Әлеуметтік желілерде шағымданушылардың саны артып келеді.
«Алматы жылу желілері» ЖШС өкілдері коммуналдық қызметтер өз міндетін атқарғанын айтты. Олардың пайымдауынша, жылудың пәтерлерге жетпей жатқаны ПИК қызметінің осалдығынан болып отыр.
«Жылу энергиясы кешеніне қарасты кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Барлық нормативті параметрлерді ескере келе, жылу үздіксіз беріліп жатыр. Алайда, кей үйлердің ішкі жылу жеткізу жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Бұл желілер үшін ғимарат иесі жауап беруі тиіс. Біздің кешендер үйдің ішкі құбырлары үшін жауапты емес. Біз элеваторға дейін жылу жеткіземіз. Ал одан әрі ғимарат иесі немесе ПИК жеткізуі керек», - дейді кәсіпорын өкілі Ян Гирин.
Үйдегі батарея жылымай, әуреге түскен тұтынушылар сервис компанияларына немесе ПИК-ке хабарласуы керек. Егер олар мәселені шешуден бас тартса, тұрғындар жиналып, ПИК арқылы қызмет көрсетуші компаниядан міндетін орындауды талап етуге тиіс.
«Бұрын үй ішіндегі жылу желілерінің проблемасын біз шешетінбіз. Қазір бұл мәселені нарыққа бердік. Онда жекеменшік компаниялар жұмыс жасап жатыр», - деді Ян Гирин.