Әділет министрлігі Атырау облысының «өліп-тірілген» тұрғынына қатысты жайтты арнайы комиссия қолға алатынын айтты деп жазады Sputniknews.kz.
Ведомство хабарлағандай, туыстары жерлегеннен кейін екі айдан соң үйіне оралған азаматтың ісі бойынша арнайы комиссия құрылған.
Сонымен бірге, Атырау прокуратурасы материалды Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 183-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай реестріне енгізген.
Әділет министрлігі берген мәлімет бойынша, 4 қарашада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің қызметкерлері сот-медициналық сарапшының қатысуымен мәйітті қазып алды.
«Бұдан бұрын генетикалық зерттеу жүргізу үшін азаматтың жақын туыстарының сілекей және қан сынамалары пайдаланылған еді, туыстық ықтималдығы 99,92% болып шыққан. Атап өтсек, сарапшы есепті қайта жүргізбеген, қорытынды болжам түрінде шығарылған», — деді ведомство.
Естеріңізге сала кетсек, бұдан бұрын Атыраудың іргесіндегі Томарлы ауылында екі ай бұрын туыстары жерлеген ер адам үйіне оралғаны туралы хабар тараған болатын.
Биыл 20 маусымы күні 63 жастағы Айғали Сопығалиев үйден шығып кетіп, қайтып оралмапты. Ол бұрын да екі аптаға үйден кетіп қалғандықтан, туыстары полицияға тек 9 шілде күні хабар берген.
Біраз уақыттан кейін полиция туыстарын мәйітті тануға шақырады. Аптап ыстықтан мәйіт бұзылып кеткендіктен оның кім екенін ешкім тани алмаған, ақыры ДНҚ сараптамасы жасалып, оның нәтижесі ол 99,92 процентке Айғали екенін көрсеткен.