Астанада 14 баланың қызылшамен ауырғаны расталды. Диагнозы расталған барлық науқасқа екпе егілмеген деп жазады Елорда Инфо.
Ауа райының суытып, температураның төмендеуіне байланысты мезгілдік жедел респираторлы вирустық инфекциямен ауырғандар көбейді. Жұқпалы балалар ауруханасына тәулігіне 200-ге дейін балалар келіп қаралуда.
«Өткен аптада жедел респираторлы вирустық инфекциямен ауырғандар көбейді. Барлық науқастар бөртпе және қызылша жұқпалы ауруларына қарсы тексерілді. Ол аурулардың белгілері байқалған жағдайда бірден ауруханаға жатқызылды. Бүгінгі таңда ауруханада қызылша диагнозы бар деген 41 науқас болса, оның ішінде 14 науқастың диагнозы зертханалық расталды», – деді қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің медициналық бөлім жөніндегі орынбасары Ольга Пушкарева.
Қабылдау бөліміндегі дәрігер науқастың дене қызуы, дем алуы, жүрегінің соғуы секілді өміріне қауіп төндіретін параметрлер бойынша 3 жолақтың қайсысына жататынын анықтайды. Қызыл жолақтағы балалардың жағдайы ауыр, тез арада дәрігердің көмегіне жүгіну қажет дегенді білдіреді. Олар дереу дәрігердің қабылдауына барады. Сары жолақтағыларды кезегі келгенде дәрігер қабылдайды. Ал жасыл жолаққа түскендердің өміріне ешқандай қауіп жоқ, дәрігердің кеңесін алып, көп жағдайда үйіне жіберіледі.
«Біріншіден, ауруханадағы науқастарға екпе егілмеген. Бір жасқа дейінгі балаларға қатысты жоспарлы екпе жылына және 6 жасқа дейінгі ревакцинация жүргізіледі. Сондықтан бір жасқа дейінгі балалар өз екпелерін алған жоқ. Ал бірден асқан балалар әр түрлі себептермен бас тартқан», – деді ол.