Бұған дейін «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп «Алпамыс» батыр жырын оқу эстафетасын Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевқа жолдаған еді. «Батырлар жырын бала күннен оқып өстік» деген облыс әкімі «Алпамыстан» үзінді оқып, эстафетаны ары қарай жалғастырды.
«Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасын қолдау мақсатында ұйымдастырылып отырған «Алпамыс батыр» жырын оқу эстафетасын танымал журналист, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп жолдаған екен. Бұл жыр бізге бала кезімізден таныс. Жыр жаттап өскен ұрпақпыз ғой. Енді осы жырды жалғастырып, шағын үзінді оқуға тырысайын.
Сол уақытта Шұбар ат
Алдына келсе тістеді,
Әр түрлі жұмыс істеді.
Артына келсе тебеді,
Бетіне түгіл Шұбардың,
Сыртына адам келмеді,
Жем қояды шөбімен,
Ешбірін Шұбар жемеді...
Қаншама көп болса да,
Шұбарға әлі келмеді,
Неше дәулер жабылды,
Бәрін де Шұбар сүйреді.
Біріне бірі соқтығып,
Қабырғасы күйреді.
Ұшып кетіп кәлласы,
Көбейді қалмақ өлгені.
Ордада тұрды ойнақтап,
Шұбарға ешкім мінбеді», − деп Көшербаев эстафетаны Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовке, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа және Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов мырзаға жолдады.
Айта кетейік, «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық байқауы Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен жүзеге асқан жоба. Бір ай бойы өткен шараның жеңімпаздары қазан айының басында марапатталды.