Бүгін − Қазақстан республикасының Тұңғыш президенті күні. Елде бұл мереке осымен жетінші жыл қатарынан атап өтіледі. 2011 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен күшіне енген заң бойынша, бұл күн мемлекеттік мереке болып белгіленген. Биыл бұл күн сенбіге дөп келгендіктен, мейрам күндері туралы заңға сәйкес, одан кейінгі жұмыс күні, яғни 3 желтоқсан Қазақстанда демалыс күні болып жарияланған деп жазады Азаттық.
Осы мереке күнтізбеге енгелі бері қалыптасқан дәстүр бойынша, ел көлемінде мекемелер мен оқу орындарында Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметіне арналған түрлі шаралар өткізіледі. Биылғы мереке қарсаңында президент Назарбаев Астанада режиссер Ақан Сатаевтың «Елбасы жолы. Астана» фильмін көруге барды деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі. Бұл шығарма - Назарбаев туралы түсірілген «Елбасы жолы» киноэпопеясының бір бөлігі.
Сыншылар бұл мерекені 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына табыну көрінісіне теңейді, ал билікті қолдаушылар оны «тұңғыш президентке деген құрмет» деп санайды.
Қазақстанда Назарбаевтың есімі Астана халықаралық әуежайына, Алматыдағы орталық көшеге, университет, кітапханаларға берілген. Елде Назарбаев зияткерлік мектептері желісі бар. Бірнеше қалада тұңғыш президентке ескерткіштер орнатылып, мұражайлар, саябақтар ашылған.