$ 494.87  520.65  4.91

Ақтөбеде жаңа жыл түні баспанасы өртенген отбасы далада қалды

Ақтөбеде баспанасы өртенген 7 жан далада қалды. Үш ай бұрын несиеге сатып алынған үй тұруға жарамсыз деп жазады ҚазАқпарат.

Ақтөбе қаласындағы саяжайлардың бірінде 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні үй өртенді. Жалғыз баспанасынан айырылған 7 жан қазір тума-туыстарының үйін жағалап жүр.

«31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні сағат 1:00 мен 3:00 арасында үйіміз өртеніп кетті. Сол күні біз Жаңа жыл мерекесін қарсы алу үшін қонаққа барған едік. Үйде ешкім болмады. Өрттің қайдан шыққанын да білмейміз. Өзіміз үйді газбен емес, қатты отынмен жылытамыз. Тек құжаттарымызды алып үлгердік. Үш бөлмелі үйдің шатыры түгел жанып, ортасына түсті. Қазір оны жөндеу мүмкін емес», - деді үй иесі Саламат Жетігенов.

Ол анасы, ағасы, қарындасы және өзінің екі баласымен бірге тұрады. Жұбайы үшінші сәбиіне жүкті.

«Біз ұзақ жылдар бойы пәтер жалдап келгенбіз. Үш ай бұрын банктен несие рәсімдеп, сол ақшаға баспана сатып алған едім. Қазір үйсіз қалып, несиені төлеуге мәжбүр болып отырмын. Әкімдік қызметкерлері келіп, суретке түсіріп кетті. Өзге хабар жоқ», - деді Саламат Жетігенов.

Өрт сөндірушілерге хабар 1 қаңтар күні сағат 03:23-те түскен.

«Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі, арнайы техника және жергілікті полиция қызметкерлері жіберілді. Өрт 03:56 минутта ауыздықталып, 04:07-де сөндірілді. Өрттің шығу себебі мен шығыны анықталып жатыр», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары