Welt am Sonntag деп аталатын неміс басылымы жексенбі күні таратқан ақпаратында Германияға қазір сириялық босқындар ағылып жатса, болашақта олардың орнын ауғандық босқындар алмастыруы мүмкін екендігін айтады, деп хабарлайды ТАСС.
ГФР үкіметінің қыркүйектегі жаңа мәліметтеріне сүйенсек, осы жылдың соңына қарай Германияға орналасуды қалайтын босқындардың саны 800 мыңға жуықтапты.
Аталмыш басылымының мәліметтері бойынша, бұған дейін Иран, Пәкістан немесе Сауд Арабиясына көшуді көздеген ауғандықтар енді, сириялықтар тәрізді, Германияға бет алсақ дейді және ол мақсаттарын ГФР бүгінгі көші-қон саясатынан айнып қалмай тұрғанда жүзеге асырып қалуға ұмтылуда екен. Осы мақсатпен Кабулда шетелдік паспорт алуға тапсырыс бергендердің саны күн санап артып келеді.
«Жағдайдың осылай өрбитінін күтпеген федералдық үкімет алдағы уақытта көші-қон дағдарысы ырыққа көнбей кете ме деп алаңдаулы. Қазірдің өзінде федералдық жер қоры, коммуна мен қалалардың мүмкіндігі мәресіне жетіп қалды. Билік жедел шешім қабылдауға мәжбүр», - деп жазады Welt am Sonntag.