Әлімжеттік көрсету қыздардың арасында да белең алып барады. Қаладағы колледждің бірінде білім алатын бір топ студент қыз мектептегі қатарластарына қоқан-лоққы көрсеткен. Күш қолданып, ұялы телефондарын тартып алған деп жазады Otyrar.kz.
Бұл оқиғаның құрбандары Шымкенттегі № 10 мектептің оқушы қыздары. Сабақтан қайтқан оларды өздерінен үлкен студент әпкелері шақыртқан. Ата-аналардың сөзіне сенсек, қыздарды ұрып-соғып, қымбат маркалы ұялы телефондарын тартып алыпты.
«Олар 9-шы сыныптың екі қызы болған. Менің де қызым солармен бірге жүретін. Брақ өз перзентімді мен үйге алып кеткен едім. Кейін олар келіп қыздарды шетке алып кетіп, бетінен ұрған, ішінен тепкен. Сөйтіп «Айфон» маркалы телефондарын алып кеткен. Менің қызым ол жерде болмағандықтан сәлемдеме айтып жіберіпті «ендігі кезекте онымен де мәселені шешеміз» деп. Енді барлық ата-ана осы проблеманы шешу үшін мектепке жиналдық», – дейді ата-аналардың бірі.
Мектеп директоры орынбасарының айтуынша, мұндай жағдай оқу орнында алғаш рет орын алған. Әрі әлімжеттік оқиғасының сабақтан тыс уақытта болғанын айтып ақталды.
Полиция қызметкерлері сол күні-ақ 9 сынып оқушыларын ренжіткендерді анықтаған. Тапа тал түсте, өзінен кішілерге күш көрсетіп, тонап кеткендерге қатысты қылмыстық іс қозғапты.
«Оқиғаға қатысушыларды анықтап, ұстаған. Күдіктілер күш қолдану арқылы ұялы телефондарын тартып алған колледж студенттері болып шықты. «Тонау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», – Шымкент қалалық ПД-нің баспасөз қызметінің жектекшісі Асел Саденова.
Қыздардың ерсі қылықтары дәлелденсе, 2 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл төлейді. Не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан шектеледі. Өйткені үстерінен ҚР ҚК-нің 191 бабымен қылмыстық іс қозғалды.