Қазақстанның батысында алғаш рет төрт жолақты автомобиль жолы қолданысқа берілді, деп хабарлайды 24kz.
«Бұл әуежай мен қаланы жалғайтын ені 16 метрлік кең көше. Атап айту керек, бұл жағдай осы күзде өтетін Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы өңіраралық форумға дайындық. Сонымен қатар қаланың тозығы жете бастаған бірсыпыра орталық көшелері де осы форумның арқасында жөндеу көріп қалмақ», делінген телеарна сюжетінде.
Қалаға кіреберіс қақпа іспеттес айналмалы көпірдің жиегіне спутниктік жүйе арқылы жұмыс істейтін сағатта та орнатылған. Құрылыс компаниясы өкілдерінің айтуынша, осы сағаттың өзіне жергілікті әкімшілік 20 млн. теңге қаржы бөлген. Сонымен қатар республикалық қазынадан бөлінген қаржыға тағы осындай нысандар тұрғызылмақ.
– Жол жөндеу жұмыстары әлі жалғасады. Форумға байланысты республикалық бюджеттен 2 млрд. 800 млн. теңге бөлінді. Бұған Сәтпаев, Абай, Әуезов, Махамбет көшелері жөндеуден өткізіледі. Жалпы орталық көшелер бойынша 300 мың шаршы метр болатын жол жаңадан салынбақ, – дейді қала әкімінің орынбасары Жұмабай Қарағаев.