18 наурыз күні Достық үйінде Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің "Әлеуметтік жұмыс және Қазақстан халқы Ассамблеясы" кафедрасы Наурыз мейрамына орай «Мәңгілік Ел» жастар волонтерлік акциясын өткізді.
Шараның негізгі мақсаты-үлкен буын мен ұрпақ арасында байланысты бекіту, халқымыздың салт дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын дәріптеу. Сондықтан бұл мерекенің басты қонақтары Достық үйінде ашылған «Белсенді өмір» орталығының қатысушылары мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері болды. Кездесуде «Жайна» ансамблінің өнерлі жастары мың бұрала би билеп, әуелетіп ән салды, күмбірлетіп күй де төкті. Шара жүргізушілері қонақтарға жаттығулар жасатып, түрлі ойындар ойнатты. Ойындардың соңында қатысушыларға түрлі сыйлықтар да табысталды.Тосынсыйлар мұнымен толастамады, келген қонақтарды үстелдерінің астында да түрлі әшекейлермен кәдесыйлар күтіп тұр екен. Қонақтардың бал-бұл жанған жүзі мен аямай соққан қошеметінен ерекше әсер алғандары көрініп ақ тұрды. Бұдан соң, шара Достық үйінің кітапханасында Халықаралық поэзия күніне байланысты өткен қарағандылық композитор әрі әнші Ирина Воробьеваның «Махаббаттың жыр- әуені» атты кездесуімен жалғасты. Ақынның шығармашылығын жықынырақ біліп, бұрыннан танымал және жаңа туындыларымен танысқан оқырмандар қатарында қаламыздың №102 мектеп-гимназиясы оқушылары да бар. Лирикаға толы жырларды бірінен соң бірі оқығандардың қарасы көп болды. 800 ден астам өлеңдердің және 30 дан астам әндердің авторы оқырман сауалдарына да жауап беріп отырды. 2003 жылы Қарағандының 70 жылдығына орай «Саған, туған қалам» жинағымен лауреат атанған, жаны нәзік ақын қайырымдылықпен де жиі айналысады. Жыр әлеміне келуін Ирина Воробьева дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың есімімен байланыстырады, оның өзіндік тарихы бар. Себебі, алғашқыда өзіне сенімсіз жас қыз ақын атындағы мүшәйраға лақап атпен өлеңдерін жібергенде жеңімпаздар қатарынан көрінем деп ойламаған еді. Алайда, осы жыр додасы оның поэзияға деген сүйіспеншілігін одан әрі арттырды және ол Қасым ақынды өзінің «өкіл әкесі» санап, ескерткішіне үнемі тағзым етеді екен. Кездесу жыр жинақтарын сыйлаумен және естелік суреттермен тәмамдалды.
Кеншілер қаласы әз Наурызды ерекше көңіл-күйде қарсы алды. Ұлыстың ұлы күнімен бірін-бірі құттықтаған қала тұрғындары Достық үйінің алаңында мерекелік концерт тамашалады. ҚарМУ студенттері мен этномәдени бірлестік өкілдері өз өнерлерін паш етті. Мұнда 5 киіз үй, алтыбақандар, сауда шатырлары орнатылып, ұлттық ойындары ұйымдастырылды. Сондай ақ, алаңда сату жәрмеңкесі ұсынылып, қолөнер шеберлері сәндік қолданбалы өнер бұйымдарын дайындау шеберліктерімен бөлісті.Қазыбек би ауданы әкімі Татьяна Шатохина жиналған жұртшылықты жаңару мерекесімен құттықтап, Елбасының тарихи шешімін атап өтті. Елімізге, Нұр-Сұлтан шаhарына алдағы уақытта өркендеу тіледі.