09.04.2019, 03:36

Бауыржан Омаров Президент кеңесшісі боп тағайындалды

Бауыржан Омаров Қазақстан Президентінің кеңесшісі болып тағайындалды деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Бауыржан Жұмаханұлы 1962 жылы дүниеге келген. Қызылорда облысында туған. ҚазМУ-дың журналистика факультетін (1986, қазіргі ҚазҰУ), Мәскеу халықаралық бизнес және ақпараттық технологиялар университетін (1998) бітірген. Филология ғылымдарының докторы (2001), профессор (2002). 

ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінде департамент директоры (2003-2006), «Астана хабары» газеті бас редакторының 1-орынбасары, «Айқын» газетінің бас редакторы, Қызылорда облысы әкімі аппаратының жетекшісі, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры (2006-2009) қызметтерін атқарды. 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары; 2010 жылдан Тіл комитетінің төрағасы, ҚР Президенті баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі болды. 

2013 жылғы қаңтардан бері ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары болды.