$ 447.4  477.55  4.76

Қарағанды облысы ҚХА Аналар кеңесінің облыстық форумы өтті

Достық үйінде «Елдің тарихы- халықтың тарихы» атты Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің облыстық форумы өтті.  Басқосудың модераторы ретінде сөз алған Жезқазған қаласы Аналар кеңесінің төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясының  мүшесі, Қазақстан және Ресей Жазушылар Одағының мүшесі Зинаида Чумакова  алқалы жиынның  маңызын түсіндіріп,  әр өңірде  өз істерін ілгерілетіп, тыңғылықты жұмыс атқарып жүрген қыз-келіншектерге  алғысын білдірді. Жиынның негізгі мақсаты- әлеуметтік мәселелердегі аналар рөлін анықтау, отбасы және неке институтын нығайту, ел ішіндегі ажырасудың алдын алу, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға жәрдем беру, аналар арасында кәсіпкерлікті дамыту, өз саласында табысқа жеткен аналардың тәжірибесімен бөлісу. Басқосуға арнайы қатысқан  аймақ басшысының орынбасары Асхат Аймағамбетов   өз сөзінде облыстық Аналар кеңесінің атқарып жатқан елеулі еңбегін айта келе, алдағы уақытта да тың мақсаттың тұрғанын жеткізді. 

Форумның алғашқы спикері  облыстық Ассамблеяның Аналар кеңесі төрайымы Жанар Кенжегалиева баяндамасында "Әлеуметтік мәселелерді шешудегі аналар кеңесінің рөлі» тақырыбын көтерді. Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі аз қамтылған отбасылар мен көп балалы аналардың тұрмысы екені баршамызға мәлім. Осы ретте мемлекет тарапынан бөлінетін атаулы әлеуметтік көмектің орыны ерекше екендігін атап өткен Жанар Бейсенбекқызы  Аналар кеңесінің осы уақыт аралығында атқарған жұмыстарымен де таныстырып өтті. Басқосудың келесі сөзін облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қорлан Бекимова алып, «Отбасы және неке институтын нығайтудың өзекті мәселелері, ажырасудың алдын алу»  тақырыбын қозғап,  «отан отбасынан басталады» дегендей, мемлекетіміздің мықтылығы шағын отандардың берік болуында, сол себептен  еліміздегі ажырасудың алдын алуда неке институттарын дамытудың орны ерекше, ол нығайса толыққанды отбасылар саны артары сөзсіз деді.  Басқосу «Нұр Отан» партиясы Қарағанды қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Юлия Бадинаның «Өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдерді кәсіпкерлік қызметке тарту туралы» атты баяндамасымен және көпке үлгі болар табысты аналар қатарындағы "Дарынды бала" бала бақшасының басшысы  Айнагүл Хамитова, Монғолияның еңбек сіңірген әртісі және Қазақстанның мәдениет қайраткері Меруеш Башайдың әдемі естеліктерімен жалғасты.    

Форум соңында  Асхат Аймағамбетов ел ықыласына бөленген аналарды мақтау қағаздарымен марапаттады.  Мәнді шарадан қатысушылар үлкен мақсатпен, алдағы күнге деген ынта, жігермен тарқасты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары