$ 498.34  519.72  4.85

Ақтөбенің орталық базарында бірнеше павильон өртеніп кетт

9 мамырға таңға жуық Ақтөбедегі орталық базардан өрт шықты, деп хабарлайды azattyq.org 

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жергілікті уақытпен түнгі 3.30 шамасында басталған өрт екі сағаттан соң - 5.28-де сөндірілген. Азаттық тілшісі оқиға орнына барған сағат таңғы 10.00 шамасында базардағы сауда орындары әлі де бықсып жатты.

Қазақстан төтенше жағдайлар комитеті өкілінің дерегінше, от базардағы "Айсұлтан" сауда павильонының шатырынан шыққан. Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Айбат Жаңабергенов өрт 1650 шаршы метр аумақты қамтығанын айтады.

Базардың шығыс бөлігіндегі "Айсұлтан", "Жігер" сияқты бірнеше павильон толық өртеніп кеткен.

- Төтенше жағдайлар департаменті 2018 жылы орталық базарды тексеріп, өрт қауіпсіздігінің сақталмауына орай 10 айлық есептік көрсеткішке тең (25 250 теңге) айыппұл салған. Түнде өртеніп кеткен "Айсұлтан" павильонының өзінде өрт қауіпсіздігіне қайшы үш жағдай анықталған еді. Кейін базар әкімшілігінің үстінен қалалық сотқа шағымданып, базардың жұмысын тоқтатуды талап еттік. Әкімшілік бір ай аралығында өрт қауіпсіздігін қалпына келтіргендіктен базар былтыр жұмысын тоқтатқан жоқ, - дейді Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Айбат Жаңабергенов.

Мобильді құрылғылар сататын бутигі өртеніп кеткен Әйгерім Махамбетова таңғы төрттен бері орталық базарды айналсоқтап жүр. Әйгерім базардағы өрттен төрт миллион теңгеге жуық шығын шеккенін айтады.

- Менің бутигімдегі ең қымбат колонка - 70 мың теңге, ең қымбат құлаққаптар 20-25 мың теңге тұратын. Соның бәрі өртеніп кетті. Ипотекаға алған пәтерім, қаншама несием бар... Ішім өртеніп бара жатыр, - деп жылады Әйгерім Махамбетова.

Өрт кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерге Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин келіп, сабырға шақырды. "Базар әкімшілігі шығындарыңыздың барлығын қалпына келтіріп береді. Бірінші кезекте өрттің себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталуы тиіс" деді ол жиналғандарға.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин мен орталық базар басшысы Еламан Итеғұловты тыңдап отырған кәсіпкерлер. Ақтөбе, 9 мамыр 2019.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин мен орталық базар басшысы Еламан Итеғұловты тыңдап отырған кәсіпкерлер. Ақтөбе, 9 мамыр 2019.

Орталық базар басшысы Еламан Итеғұловты ортаға алған елу шақты адам "Өртенген павильондар қалпына келтірілгенше қалай күн көреміз? Басқа жерден орын беріңіз?" деп жатты. Еламан Итеғұлов Азаттық тілшісіне қандайда бір түсініктеме беруден бас тартты. Қанша кәсіпкердің жұмыс орнынан айырылғаны әзір белгісіз. Бүгін орталық базар жабық тұр.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың мамырында осы базардың ондаған сатушысы наразылық білдіріп, сол маңдағы автокөлік жолдарын жауып тастаған. Саудагерлер базар басшылығының "үш тәулік ішінде орынды босату" туралы талабына наразылық білдірген. Базар әкімшілігі мен саудагерлер арасындағы дау Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің орталық базарды тексеріп, өрт қауіпсіздігіне қатысты 32 заң бұзу фактісін анықтағаннан кейін басталған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары