Түркия президенті Режеп Ердоған билігін сынаушы журналист жергілікті арналардың бірінде бағдарламаға қатысқаннан кейін соққыға жығылып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды azattyq.org.
11 мамырда Yenicag ("Жаңа дәуір") басылымы газет тілшілерінің бірі Явуз Селим Демиракты үйінің маңында бес-алты адамның бейсбол таяғымен ұрып кеткенін айтты. Шабуылдаушылар бірден қашып кеткен.
Шабуылдың себебі анықталып жатыр.
Жақында Түркияның жоғарғы сайлау комиссиясы Стамбул қаласы әкімін сайлау нәтижесін жарамсыз деп тауып, қайта дауыс беру өткізу туралы шешім шығарғаннан кейін елде жағдай ушыққан.
Демирак Стамбул қаласы әкімін сайлауда жеңіске жеткен оппозиция кандидаты Экрем Имамоғлыны қолдайды. Елдегі негізгі оппозициялық күш саналатын Республикалық халықтар партиясының жетекшісі Кемал Килишдароғлы ауруханада жатқан журналиске кіріп шыққан соң Демиракқа жасалған шабуылды айыптады.
"Бағдарламаға қатысып, көзқарасын жеткізіп немесе біреуді сынағаны үшін ғана журналисті өлтіру ниетімен ұрып-соғуға бола ма? Түркия қайда барады?" деді ол.
Дәрігерлер Демирактың жағдайын қалыпты деп бағалайды. Ол 12 мамырда ауруханадан шығуы мүмкін.