14.05.2019, 10:27

Зейнеткер байқаусызда жасөспірім қызды атып алды

Алматы облысының Полиция департаменті 13 жастағы қыздың денсаулығына зақым келтірген зейнеткердің үстінен қылмыстық іс қозғады. Күдіктінің жасы 67-де деп жазады Zakon.kz.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, зейнеткер өз ауласындағы қарғаларды атып жүрген. Осы сәтте қаңғыған оқ көршінің 13 жастағы қызының аяғына тиіп кетіпті. Жарақат алған қызды ата-анасы дереу ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер баланы тексеріп, қажетті көмек көрсеткеннен кейін үйіне қайтарды. 

Қыздың ата-анасы өзінің көршісімен татуласқанын, оған қарсы қандай да бір арыз-шағымының жоқтығын айтып, жазбаша кешірімін берген.

Департаменттің айтуынша, зейнеткерге қатысты іс әкімшілік сотқа жіберілді.  Сот, зейнеткерге ақшалай айыппұл салып, қаруды тәркілеу немесе оны иелену құқығынан айыру бойынша шешім қабылдады.