$ 498.34  519.72  4.85

Қызылорда облысында қырым қанды безгегін жұқтырған адам қайтыс болды

Жыл басынан бері Қызылорда облысында төрт адамның қырым қанды безгегін жұқтырғаны анықталған.
Фото: Азаттық
Фото: Азаттық

Қызылорда облысында кенеден қырым қанды безгегін жұқтырған адам қайтыс болды. Шиелі ауданы Досбол би ауылының 29 жастағы тұрғынын егістікте кене шаққаннан кейін өзін жайсыз сезінген. Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жақсылық Абдусаметовтың сөзінше, науқас жұқпалы аурулар ауруханасында тоғыз күн жатып, 24 маусымда қайтыс болған, деп хабарлайды Азаттық.

- Қырым қанды безгегін жұқтырғанда қанның құрамы өзгеріп, бүкіл ағзада өзгерістер пайда болады. Науқастың жағдайы күрт нашарлайды. Осыдан кейін және науқастың өзінің негізгі сырқаттары салдарынан, дәрігерлердің емі нәтиже бермей, өкінішке қарай, науқас қайтыс болды, - деп хабарлады басқарма басшысы.

Бұған дейін Қызылорда маңындағы Сабалақ елдімекенінде 22 маусымда жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген 34 жастағы азамат бір тәуліктен кейін қайтыс болған. Дәрігерлер науқастың ажалы қырым безгегінен болған деп топшылайды. Қазір зерттеу жүргізіліп жатыр.

Жыл басынан бері Қызылорда облысында төрт адамның қырым қанды безгегін жұқтырғаны анықталған. Қауіпті дерт адамға кенеден, малдан жұғады. Қазақстанда Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының аумағы қырым қанды безгегінің табиғи ошағы саналады.

2018 жылы елде 6 мыңнан астам адамды кене шаққан, оның мыңға жуығы Қызылордада тіркелген.

Биыл Жамбыл облысында ата-анасымен келген өзбекстандық он жасар бала қырым қанды безгегінен қайтыс болған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары