$ 498.34  519.72  4.85

Арыс қаласындағы апаттан эвакуацияланған 1149 бала ата-анасымен қауышты – Білім және ғылым министрлігі

Тұрғындар ауыз сумен, ыстық тамақпен, төсек орындарымен, киім-кешекпен және жеке гигиеналық заттармен қамтамасыз етілді.
Фото: Zhasalash.kz
Фото: Zhasalash.kz

Арыс қаласындағы апат салдарынан эвакуацияланған 1149 бала ата-анасымен қауышты. 15 бала туыс-туғандарына әзірге тапсырылған жоқ. ҚР Білім және ғылым министрлігі 25 маусым, таңертеңгі уақыттағы жағдайы бойынша осындай мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Түркістан облысындағы төтенше жағдай бойынша облыстық штаб құрылып, тұрғындарды басқа жерлерге орналастыратын 48 орталық ашылды.  Жалпы, Арыс қаласы мен ауылдарда 40 мектеп (18399 бала), 50 мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс атқарады (5071 бала). Қауіпті аймақта 13 мектеп (11377 бала), 6 мемлекеттік, 23 жекеменшік балабақша (3278 бала) орналасқан. Олардағы балалардың барлығы қауіпсіз жерлерге көшірілді», - делінген министрлік ақпаратында.  

Алты ауданда (Шымкент, Түркістан қалалары, Сарыағаш, Қазығұрт, Ордабасы, Шардара, Отырар ауданы) орта мектеп, колледж, балабақша, мектеп-интернаттарға эвакуацияланған азаматтарға барлық жағдайлар жасалған. Тұрғындар ауыз сумен, ыстық тамақпен, төсек орындарымен, киім-кешекпен және жеке гигиеналық заттармен қамтамасыз етілді.

«Барлық 48 орталыққа жалпы саны 3860 адам, оның ішінде, 18 жасқа дейінгі 914 бала жеткізілді.  Бүгінгі ақпарат бойынша, 1149 бала ата-аналарымен қауышты. 15 бала әзірге ата-анасына берілген жоқ. Әр орталықта педагог-психологтар жұмыс жасап жатыр. Барлығы 158 педагог-психолог тартылды. Штаб жұмысын тәулік бойы атқарып жатыр. Осы бағытта жұмыстар әлі де жалғасады», - деді ведомстводан. 

Айта кетейік, бұған дейін Арыс қаласындағы әкери қару-жарақ қоймасындағы жарылыс болғанын жазған едік. 

Кейін тұрғындардың қауіпсіз жерге көшіріліп жатқаны жайлы ресми ақпарат тарады. 

Сондай-ақ, заңгер Айгүл Орынбек Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына видео жариялап, ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа шара қолдануды сұрады.

Соңғы мәліметте 34 адамның дәрігер көмегіне жүгінгені хабарланған. 3 адам ауыр жағдайда. 

Арыста тағы бір жарылыстың видеосы жарияланған болатын.

Соңғы ақпараттарға сүйенсек, Арыстағы жарылыс болған аумақтан 20 шақырым қашықтықта снаряд құлаған.

Әскеридің ата-анасымен жылап қоштасқан видеосы тарады. 

Сондай-ақ, Арыстағы жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазғанбыз

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кешқұрым Арыс қаласына шыққанын мәлімдеп, тұрғындармен кездесті. 

Соңғы мәлімет бойынша, жарылыс салдарынан 2 адам қаза тапқаны белгілі болды.


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары