Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаxанбетов журналистерге берген сұхбатында 27 маусымда Шымкентте болған Арыс тұрғындарының наразылығы кезінде тәртіп бұзылмағанын айтты деп жазады Qamshy.kz.
Ералы Жұмаханбетовтың айтуынша, жергілікті тұрғындардан полицияға арыз түскен. Онда шерушілер араларында арандатушылардың болуы мүмкін екенін айтқан. Полиция қызметкерлері наразылыққа шыққан топтың басы-қасында жүргенінің тағы бір мақсатын осылай түсіндірді.
«Бәрі ойдағыдай өтті. Ешқандай тәртіп бұзу болған жоқ. Ешкім-ешкімді ұрған жоқ, ешкім-ешкімге тиіскен жоқ. Арыс тұрғындары бізге «көшемен жүреміз, тәртіп бұзбаймыз, бірақ арандатушылар болуы мүмкін, көмектесіңіздер» деп алдын ала ескертті. Осыдан соң, біз алаңға келдік. Жарақат алғандар да болмады. Наразылыққа шыққан топ өкілдеріне де рахмет, олар уәделерінде тұрып, тыныш қана жолмен жүріп өтті. Олар жағдайын айтып, плакаттарға «Арыс көмек», - деп жазып жүрді, болды ғой», - деді Жұмахамбетов.
Еске сала кетейік, Арыс тұрғындары наразылықтарын білдіріп, Шымкент қаласында шеруге шыққанын жазған болатынбыз.
Бұдан соң Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың наразы жұрттың алдына шыққан.