Елімізде жыл басынан бері 14 жасқа толмаған 10 қыз түсік жасатқан. Ал жалпы кәмелетке толмағандардан 200-ге жуығы жүктілігін жасанды түрде тоқтатыпты. Бұл туралы Tengrinews.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлады.
«Қызым үйде, қылығы түзде». Кәмелет жасына толмаған қыздардың түсік жасауы бойынша еліміз әлем елдері ішінде алғашқы ондығына еніпті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде жыл басынан бері 14 жасқа толмаған 10 қыз түсік жасатқан. Ең көп дерек Қарағанды және Ақтөбе облыстарында тіркелген. Ал кәмелетке толмағандар арасында 196 бойжеткен жүктілігін жасанды түрде тоқтатқан екен.
Бұл тек ресми тіркелгендері ғана. Яғни, жағымсыз көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін.
Мамандардың сөзінше, шалыс басатындардың дені қалаға арман қуып келген ауылдың қыздары көрінеді. Жеке өмірге келгенде білімі аз, сауаты төмен олар сүйіктілерінің махаббатына мастанып, қалай алданып қалғандарын білмей қалады екен.
«Мына мектепте оқитын қыздардың «папигі» бар көрінеді. «Папик деген не?» деп сұраса, үлкен кісілер қыз балалардың басын айналдырып, қымбат заттарын алып беріп, қыдыруға шақырады екен. Жаңағыдай 14-15 жасқа келіп түсік жасатып жатқан қыздардың көбейіп, олардың тағдырына осылай әсер етіп жатқан мұндай азаматтар деп ойлаймын», - дейді қоғам белсендісі Айша Құрманғали.
«14 жастағы бойжеткендер бізде жауапкершілікке тартылмайды. Неге? Өйткені, олардың әрекеттеріне жауап беретін ата-анасы, сосын заңды өкілі. Опекун солар, жауапкершілікке тартылады», - деп пікір білдірді заңгер Саида Сүлейменова.
Тек былтырдың өзінде 6000 оқушы қыздың аяғы ауыр болып, 3500-ге жуығы түсік жасатыпты. Тіпті, аборт былай тұрсын, «он екіде бір гүлі ашылмағандар» арасында түрлі венерологиялық ауруларды жұқтырғандары да баршылық екен. Ал дәрігерлер болса, ерте жаста жүктілігін тоқтатқандар, болашақта ана бақытын сезінуі екіталайекенін айтады.
«Егер осы кезде жүктілік болған жағдайда, оны түсік тастаған жағдайда әрине көптеген асқынулар, жыныс ағзаларының қабынуы, қан кетуі, минустрияалдық циклдің бұзылуы, созылмалы қабыну аурулары, аналық жатыр мен безінің фунциясының бұзылуы, әрі қарай бедеулікке әкеліп соқтыруы мүмкін», - дейді гинеколог Жанерке Ажетова.
Мамандардың айтуынша, шетелде түсікті алдын-алу жұмыстары қарқынды жүреді. Яғни, оқушыларына мектеп қабырғасынан бастап, үйлі болудың мән-жайы түсіндіріледі. Ал бізде бұл қанша көтерілгенімен, ұят дегенге салынып, тек кейінге шегерілуде. Қоғам белсенділері ұлттың өшуін емес, керісінше өсуін қаласақ, тез арада жасанды түсік болдырмаудың жолдарын қарастыру қажеттілігін айтады.