ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Теңіз кен орнындағы жұмысшылар төбелесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев оқиғадан кейінгі жағдай туралы айтып берді.
«Әкім орынбасары басшылық ететін ведомстволық комиссия құрылды. Компаниялар өкілдерімен кездесу өткіздік. Олардың ұсынымдарын ескеріп, министрліктермен және орталық органдармен бірлесіп, жұмыс істеп жатырмыз және жақын арада шешім қабылдаймыз», - деді Нұрлан Ноғаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болған оқиғадан сабақ алу қажеттігін айтты.
«Бұл – сабақ, енді мұндай жағдайға жол бермеу керек. Осындай оқиғалар ел имиджіне кері әсер етеді. Энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму саласындағы министрліктерге және «Самұрық-Қазына» үшін бұл мәселе өте маңызды, бұл бойынша әсіресе сіздің өңіріңізде ұдайы жұмыс істеу қажет», - деді Президент Атырау облысының әкіміне.
Естеріңізге сала кетсек, 29 маусым күні «Теңіз» вахталық қалашығында (Жылыой ауданы Құлсары қаласынан 120 км, Атырау қаласынан 340 км) «Сohsolited Contracting Endihering and Prourement S.A.L Offshore (CСЕР)» компаниясының жұмысшылары жұмыс учаскесіне жиналып, Ливия азаматы Eli Daoud-тің жақында WhatsАpp желісінің профиліне орналастырған фотосуретіне наразылық білдірген болатын.