$ 498.34  519.72  4.85

Ақмола облысы елорданың азық-түлік тұғыры

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысының аграрлық саласы қызметкерлерінің алдына Астана қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету міндетін жүктеген болатын. «Ақмола облысы елорданың азық-түлік тұғыры болып табылды», деп атап көрсетті Елбасы осы облысты аралаған жұмыс сапары барысында.

Кездесудің алдында Мемлекет басшысы «Аскөп» ЖШС-нің егіс алқаптарындағы астықтың жағдайымен танысты және қолданыстағы ауыл шаруашылығы техникаларының үлгілерін көрді.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен және агрокәсіпорындардың басшыларымен әңгіме барысында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау жылдан жылға ұлғайып келе жатқанын айтты.

– Саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды, ол ауыл шаруашылығы құрылымдарын қаржылық сауықтыруды, субсидиялау жүйесін одан әрі жетілдіруді қарастырған. Осының бәрі сіздердің жұмыстарыңызға қолайлы жағдай жасауға бағытталған, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті пайдаланылмаған жерлерді қайтару, сондай-ақ кәсіпорындарды іске қосу және жұмысын қалыпқа түсіру өңір үшін өзекті мәселе екендігіне тоқталды. Атап айтқанда, 69 өңдеуші өндірістің 60-ы жобалық қуатына жетпеген.

Нұрсұлтан Назарбаев астық шығымын арттыру мәселесіне назар аударуды тапсырды.

– Ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыру маңызды. Қазақстан бойынша орташа астық түсімі гектарына 15 центнерден келеді, ал бұл ретте 20 центнер жақсы деп бағаланса, озық шаруашылықтар 22-25 центнерден алады. Біз орасан қаражат жұмсап жатырмыз және ол нәтиже беруі тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы азық-түлікке сұраныстың өсе беретінін еске салды.

– Жыл сайын 7,5 миллион тонна астық импорттайтын Иран бағытында теміржол ашылады. Осылайша, біз үшін перспективалы нарық құрылады. Сонымен қатар, біздің өнімдерімізге Қытай және басқа да көршілеріміз қызығушылық танытуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті тағы бір маңызды мәселеге – саланы әртараптандыру ісіне де назар аударды.

 – Біз тек бидай өндірумен ғана шектеліп қалдық. Мал азығы дақылдарын егетін алқаптарды кеңейту қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар әлеуметтік мәселелерді де қозғады. Өңірдегі «Ақ бұлақ» бағдарламасының жүзеге асырылуына жеке тоқталды. Бүгінде облыстағы елді мекендердің 78 пайызы ғана сумен қамтамасыз етілген. Жыл сайын өңір «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 2-2,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді.

- Денсаулық сақтау саласы дамып келеді,  біз жаңа ауруханалар мен  амбулаторияларды пайдалануға беріп жатырмыз. Білім беру саласына да қомақты қаражат жұмсалуда, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Ресейге қарсы санкцияларға байланысты біздің экономикамызда белгілі бір қатерлер пайда болатынын айтты.

–Үкімет қажетті шаралар қабылдап, жағдайдың өрістеуінің түрлі нұсқаларын қарастыруда. Елде барлық бағыттар бойынша орнықты дамуды қамтамасыз етуге септігін тигізетін мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып жатыр. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін біз барлығын істейтін боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Ақмола облысының әкімі С.Кулагин Елбасыға өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуы мен жиын-терін науқанына дайындық туралы баяндады.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер Қазақстан Президентіне ауыл шаруашылығы саласының дамуына ұдайы көңіл бөліп отыратыны үшін алғыстарын айтты.

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына байланысты Астана қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастыру бағдарламасын іс жүзіне асыру барысында соңғы жылдары аталмыш облыста бірқатар ірі кәсіпорындар іске қосылды. Солардың бірі «Capital Projects Ltd» ЖШС-ның құс фабрикасы болып табылады.

Өткен жылы ғана іске қосылған бұл фабрика қазірдің өзінде ауызға іліне бастады. Бұл өндіріс кешені құс өсіру, құс фермасы үшін жем-азық да­йындау және дайын құс етін өндірумен айналысады. Өндіріс кешенінде ірі инкубациялық орталық жұмыс істейді. Бір күннен кейін инкубациядан өткен жұмыртқаны арнаулы алаңдарға жібереді. Мұнда бройлер өсіруге барлық жағдай жасалған. 42 күн арнаулы орындарда өсірілген құстар әбден семіріп, салмақ жинағаннан кейін етке өткізіледі.

Құс соятын цехта сағатына 6 мың бройлер етке өткізіліп отырады. Тәулігіне бұл цехтың қуаты 12-23 мың бройлер союға арнаған. Бір ауысымда құс фабрикасы 15 тоннадан 25 тоннаға дейін құс етін өндіреді. Алдағы уақытта фабрика толық қуатында жұмыс істей бастайтын болады. Мәселен, 2016 жылы зауыт толық қуатында жұмыс істей бастаған кезде жылына 20 мың тонна сапалы құс етін өндіруді көздеп отыр.

Бұл заманауи фабрика елорданың азық-түлік белдеуін жасау бағдарламасына сай жүзеге асырылған ірі жобалардың бірі болып табылады. «Capital Projects Ltd» компаниясына қарасты құс фабрикасының барлық жабдықтары Германиядан әкелінді. Технологиялық желі басынан аяғына дейін жүйелі жұмыс істеп, құс етін толық қайта өңдеуге арналған. Бүгінде құс фермасы құс етінен жасалған жартылай фабрикаттардың 12 түрін шығарады. Сонымен бірге, фабрика кешенінде еңбек ететін адамдарға толық әлеуметтік және тұрмыстық жағдай жасалынған. Фабрика кешенінің пайдалануға берілуіне байланысты жұмыспен қамтылған адамдар дер кезінде жалақы алып, өндірістің қуатын арттыруға ынталы еңбек етуде.

* * *

Ақмола облысында соңғы жылдары жылыжай кешендерін салу үрдісі белең алды. Бұл әсіресе, Астана қаласының азық-түлік белдеуін көкөніспен қамтамасыз етуде ерекше ықпалды қызмет атқаруда. АӨК саласындағы инвестициялық жобаларды іс жүзіне асыру шеңберінде Степногор қаласында «Қазақстанның жылыжай технологиясы» ЖШС бүгінгі заманның өскелең талаптарына сай жылыжай кешенін салып, пайдалануға берген болатын.

Қазір 3,56 гектар жер көлемін алып жатқан жылыжай кешені толық жобалық қуатында жұмыс істей бастады. Осы кешеннің пайдалануға берілуіне байланысты Степногор қаласында өте қажет жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл жобаның жалпы құны 1,04 миллиард теңгені құрайды. «ҚазАгроФинанс» холдингі осы жобаны толықтай қаржыландыру шарасын іс жүзіне асырды. Астана қаласының азық-түлік белдеуінің көкөніс өнімдеріне деген сұранысын қанағаттандыруда елеулі үлесі бар жылыжай кешенінің жұмысы барған сайын жандану үстінде.

Бүгінгі заманның жоғары технологияларымен жабдықталған жылыжай толық қуатында жұмыс істей бастағаннан бері 1 800 тонна көкөніс өнімдерін рынокқа шығарды. Қазіргі күнге дейін «Қазақстанның жылыжай технологиясы» ЖШС-ның жылыжай кешені 3,5 мың тонна көкөніс және жасыл көксек өнімдерін шығарды. Степногор қаласында орналасқан бұл жылыжай кешені бүгінде Астана, Көкшетау, Павлодар, Қарағанды қалаларын өз өнімдерімен қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, жылыжай кешенінің өнімдері Степногор қаласы тұрғындарының сұраныстарын толық қанағаттандыруда. Соңғы уақытта «Қазақстанның жылыжай технологиясы» ЖШС жылыжай өнімдерін Ресейдің Омбы және Новосібір қалаларының нарығына шығару жөнінде келісім жасасты.

* * *

Астана қаласының азық-түлік белдеуінің әлеуетін арттыру аясында Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданында ірі жоба жүзеге асырылуда. Осы ірі жобаның кешенді бір саласы – «ҚазГер Құс» ЖШС болып табылады. «ҚазГер Құс» ЖШС – құс фабрикасының іске қосылуына байланысты Ақмола облысы Астана қаласы рыногындағы жұмыртқаға деген сұранысты 100 пайыз жауып отыр.

«ҚазГер Құс» фабрикасы өндірістік әлеуеті бойынша жылына 300 миллион дана жұмыртқа, 102 тонна тартылған құс етін шығарды, 2015 жылы бұл кешен жалпы 114 миллион теңгенің өнімдерін өндірді.

Елорданың азық-түлік белдеуін толық іс жүзіне асыру мақсатында Мемлекет басшысының берген тікелей тапсырмасының арқасында «ҚазГер Құс» ЖШС құс фабрикасының екінші кезеңі пайдалануға берілді. Осының нәтижесінде мұнда құс балапандарына арналған 2 цех және 650 мың бас жұмыртқа беретін тауықтарға арналған 8 цех салынып, пайдалануға берілді. «ҚазГер Құс» ЖШС-ның құс фабрикасы толық қуатында өнім өндіру жобасына шығуына байланысты табысын еселей түсті.

«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақмола облысында жалпы құны 250 миллион теңгені құрайтын инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Бұл өз кезегінде 240 ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді.

* * *

Күннен-күнге сәні мен салтанаты асқақтап, қанатын кең жайып келе жатқан еліміздің бас қаласы – Астананың тұрғындары да жылдан-жылға көбейіп келеді. Елорданың экономикалық және әлеуметтік әлеуетін жақсартумен бірге саны еселенген тұрғындарын сапалы да құнарлы азық-түлікпен қамтамасыз етудің маңызы зор. Бұл ретте Ақмола облысының ауыл еңбеккерлеріне жүктелетін міндет жүгі үлкен.

Елорда тұрғындары өмірге аса қажет сүт өнімдері тауарларынан таршылық көрген емес. Оған Ақмола облысындағы «Молоко Синегорье» ЖШС сүт зауытының қосып отырған үлесі үлкен. Астана қаласының азық-түлік белдеуін сүт өнімдерімен қамтамасыз ету шеңберінде өмірге келген бұл зауыт тәулігіне 160 тонна сүт және сүт өнімдерін өндіреді. Жаңа зауыттың пайдалануға берілуіне байланысты 175 көкшетаулық тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. «Молоко Синегорье» ЖШС-ның сүт зауыты өзінің өнімдерін негізінен елорда сауда орындарына жөнелтеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары