Туған анасын балағаттаған жігіт заң алдында жауапкершілікке тартылды. Түркістан облысы Мақтарал ауданының тұрғыны Б.есімді жігіт 11 шілде күні үйіне араққа сылқия тойып келген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мас ер адам үй ішінің мазасын алады. Үй жиһаздары мен заттарды бүлдіреді.Тіпті туған анасын сыбап, балағаттап тіл тигізеді. Перзентінен жәбір көрген анасы полицияға шағымданған. Анасының шағымы сотқа өткен.
Арыз бойынша іс Мақтарал аудандық сотында қаралып, сот отырысында Б. кінәсін мойындаған. Шын жүректен өкінетіндігін айтып анасынан кешірім сұраған. Туған перзенті тіл тигізіп балағаттаған анасы Н. сот талқылауы кезінде ұлына кешірім берді. Сотта екі тарап бір-бірімен медиация тәртібімен татуласқанын көрсетіп, істі тоқтатуды сұрап, сотқа жазбаша арыздары мен келісімдерін ұсынған.
«Соттың қаулысымен ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігімен көзделген Б-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс, Кодекстің 64-бабына сәйкес, құқық бұзушының жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылды», -деп хабарлайды Мақтарал аудандық сотының баспасөз қызметі.