Әскери полиция Арыс қаласының аспанында ұшып жүрген дронды құрықтады. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиғa күндізгі сағат 10.25-те болған.
«2019 жылғы 21 шілдеде сағат 10:25-те Арыс қаласында дронды басқару сигналын құрықтау арқылы қала аспанына заңсыз көтерілген аппаратпен түсірілім жасау әрекетінің жолы кесілді. Пилотсыз ұшу аппараты кейін иесіне қайтарылды. Бұл оқиғаны әскери полиция қызметкерлері тіркеген. Іске қатысты материалдар оқиғаның анық-қанығын зерделеу үшін ҚР азаматтық авиация комитетіне берілді», - делінген ведомствоның ресми сайтында жарияланған хабарламада.
Ресми хабарламада дронды рұқсатсыз ұшыру әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзу әрекеті ретінде әкімшілік жауапкершілік жүктейтіні, сол үшін 10-20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылғаны айтылған.
«Осыған байланысты ҚР Қорғаныс министрлігі әскери бөлім аумақтарының үстінен дрон ұшыруға тыйым салынғанын және рұқсатсыз түсірілімдерді жүргізуге жол бермеу қажеттігін ескертеді. Елдегі әскери нысандар дрондарды ұстау және жою құралдарымен жабдықталған», - деді Қорғаныс министрлігі.