$ 498.34  519.72  4.85

Жамбыл облысында биыл 77 көлік өртенген

Облыс аумағында автокөліктегі өрт оқиғалары артып келе жатқанын хабарлаған

Жамбыл облысында ағымдағы жылдың басынан бері 77 автокөлік өртке оранған, деп хабарлайды  ҚазАқпарат.

Облыс аумағында автокөліктегі өрт оқиғалары артып келе жатқанын хабарлаған Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары оның шығу себептері әртүрлі екенін айтады. 

«Ағымдағы жылғы 26 шілдеде Байзақ ауданы Сарыкемер ауылы Медеулов көшесінің бойында «КамАз» жүк көлігі өртенді. Сол күні Жуалы ауданы «Алматы-Ташкент» республикалық маңызы бар автокөлік жолының 581-шақырымында «Mercedes» маркалы жүк тасымалдайтын көлік отқа оранды. 

Ал келесі күні Меркі ауданы Меркі ауылы Т.Бокин көшесінің бойында 1990 жылы шыққан «Mercedes-benz Е230» автокөлігінен от тұтанды», - дейді облыс бойынша Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Бауыржан Сейдалиев. 

Сондай-ақ, Б.Сейдалиев өрттердің шығу себептері көліктерді пайдалану уақыттарымен тікелей байланысты болып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, көбіне ескі, пайдалану уақыты он жылдан асқан машиналардан жиі от шығады. «Автокөлік иелері капот астына жиірек қарағандары дұрыс. 

Тұтанудың негізгі себептері, тамған майдан немесе тосолдан болуы мүмкін. Аққан май тамшысы, ыстық қозғалтқыш жүйелеріне тиіп, бензин буының лап ете қалуы әбден мүмкін. Май тамшысының әсерінен де орын алған оқиғалар аз емес»,- деген ол, тұрғындар мен жүргізушелерді абай болуға, барынша көліктерін қадағалап тұруға шақырады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары