Екі жолсерік зорлаған әйелге моральдық шығынды кім және қанша төлейді деген сауалға «Қазақстан Темір Жолы» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов жауап берді, деп хабарлайды Zakon.kz Kursiv.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл арада ресми өкілден моральдық шығынды «Қазақстан Темір Жолы» АҚ па, әлде оның еншілес компаниясы «Жолаушылар тасымалы» АҚ төлеуі тиіс пе деген сауалға нақты жауап сұралған.
«Білесіздер, сот өтті, бірақ үкім әлі күшіне енген жоқ ... Өтемақы төленеді, заңдағы барлық талап бойынша. Мұның бәрі заң аясында жүргізіледі. Өтемақыны «ҚТЖ» немесе «Жолаушылар тасымалы» компаниясы төлей ме, оны сот шешеді. Егер сот төлесін десе, компания әрине төлейді», - деді ол 31 шілдеде БАҚ-тарға берген сұқбатында.
ҚТЖ басшысының орынбасары бұл арадағы өтемақы мөлшерін болжап айтуда да қатты қиналды.
«Сот шешімін күте тұрайық. Ол арада 100 миллион (тенге) немесе 20 миллион, тағы болмаса 50 миллион теңге төлесін деп қараптан-қарап шешім шығаратын адамдар отырған жоқ қой. Олар сараптама қорытындысына қарай заң аясында есептейді оны. Сондықтан, кешіріңіздер, 5 миллион төлейміз немесе 10 миллион төлейміз деп мен қараптан қарап қазір айта алмаймын», - деді ол.
Бұған дейін Қанат Әлмағамбетов жолаушыны екі поезд жолсерігінің зорлауына байланысты жеке өз атынан және ұлттық компания атынан көпшіліктен кешірім сұраған болатын. Жолсерік Жетес Үмбетәлиев пен Қолқанат Құрманиязов ҚР Қылмыстық кодекстің 120-бабы 1-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.