Жаңалықтар 22.07.2019 сағат 21:38

Ерте «бойжеткендер» елді алаңдатып отыр немесе жабық тақырыпта ашық әңгіме керек

Соңғы бес жылда елімізде жасөспірімдер жүктілігі бойынша 33 051 жағдай тіркелген, оның ішінде 15 пен 18 жас аралығындағы қыздар арасында 9 906 аборт жасалған.
Ерте «бойжеткендер» елді алаңдатып отыр немесе жабық тақырыпта ашық әңгіме керек
Фото: Otyrar.kz
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Ресми деректер бойынша, Қазақстанда 18 жасқа дейінгі өрімтал қыздардың саны 2 миллионнан асып жығалады екен. Қыздың көп болғаны әрине, жақсы ғой. Дегенмен, солардың арасында ерте жетіліп, бесіктен белі шықпай жатып, бесік тербетіп жатқандар бар. Мінекей, соған аса қуана алмайды екенбіз. Себебі өзі әлі аузынан ана сүті кетпеген бала ана болудың не екенін білмейді де, яғни, балиғатқа толмай құрсақ көтеру қыздардың бағы емес соры. Көбісі кірерге тесік таппай, орта жолдан жүктілікті үзуге мәжбүр, кейбірі, тіпті тастап та кетіп жатады... 

Ойнап жүріп от басқан...

Жалпы, ғаламдастырудың салдары ма елімізде жүктілікті үзу жағдайлары көбейіп келеді. Нақты айтсақ, Қазақстанда әрбір бесінші жүктілік абортпен аяқталады екен. Соңғы бес жылда елімізде жасөспірімдер жүктілігі бойынша 33 051 жағдай тіркелген, оның ішінде 15 пен 18 жас аралығындағы қыздар арасында 9 906 аборт жасалған. 15-18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы аборт саны жоғары болып қалып отыр және 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен қыздардың жалпы санының 0,1%-ын құрайды немесе жылына шамамен 2 мың аборт жасалады. Яғни жарық дүниеге келмей-ақ көз жұматын сәбилердің өзі осынша... Бұл бергі жағы, себебі тіркелмейтін жағдайлар қаншама... Қала берді, жыл сайын әжетхана, күл-қоқы маңынан кейде тірі, кейде өлі табылатын сәбилер тағы бар...Енді ше? Баланы туайын десе қалай бағады, елдің бетіне қалай қарайды. Ал тумайын десе, баланы алдыратын мерзімінен өтіп кеткен. Міне, содан... 
Осының бәрін білген соң шығар, атам қазақтың «қызға қырық үйден тыйым, қала берді есік алдындағы күңнен тыйым» деп қатаң ескертетіні.  Себебі қызды бетімен жіберудің соңы тек қазаққа ғана емес, түбінде адам баласына қандай қауіп-қатер алып келетінін бабаларымыз сонау бір кездердің өзінде, яғни, тіпті бүгінгідей техника мен технологиясы дамымаған заманда-ақ білген. Адамзат дейтін себебіміз бүгінде дамыған елдердің өзінде жыл сайын 70 000 өрімтал жүктілік кезінде немесе тоғыз ай көтеріп, босану үстінде көз жұмады екен. Қала берді, қыздың өзі тірі қалғанымен, енді оның құрсақ көтеруі, ана болуы екіталай... Яғни балғын жастың аборт жасатуы өз тамырына өзі балта шабуына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Сондықтан бала туудың да өз жасы бар. Әр нәрсе өз кезінде…

«Он үште отау иесінің» заманы өткен…

«Мешкей деген жақсы ат емес», яғни қыздардың ерте жүкті болып, түсік жасатып немесе баласын далаға тастап кетуі мақтанарлық жағдай емес. Және бұл қазақтың ғана басындағы емес, бүкіл ғаламзаттық мәселеге айналған. Ендеше, ол көптің талқысына салынбай шешілмейді. Себебі бұл проблема қыз өсіріп отырған әр отбасын ойландыруы шарт. Құр әншейін «Бетін аулақ қылсын» деп қойып, қам-қарекетсіз отыру бөлек те, отбасы, мектеп, дәрігер, психолог болып, тұтас қауымның «мәселені майшаммен қарауы» тіпті бөлек. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінде екіншісінен гөрі біріншісі, яғни «Құдай сақтасын» деп қойып, көз алдында қызын бетімен жібергендер көп. Себебі «қызың үйде, қылығы түзде» дегендей, қыз үйде ата-анасының көзінше моп-момақан болып жүре беруі мүмкін. Бүгінде балалардың ерте жетіліп, желікке еруіне желінің әсері өте зор. Әлгі үйдегі момақан қыз бен ұлдың әлеуметтік желідегі парақшасын көрсеңіз, танымай қалуыңыз мүмкін. Сол жерде неше түрлі суретін салып, бірімен-бірі танысып, неше түрлі сөздерді жазысып, ақыры әлгіндей сорақылық, яғни, ерте жүктілікке, тіпті тастанды балаға апарып соғуы мүмкін... Яғни, балаларға жан-жақты бақылау қажет. Әйтпесе «әй дейтұғын әже, қой дейтұғын қожасы» бар қоғамның қыздары 15-ке толмай, оңды-солын танымай құрсақ көтермесі анық. 
Бұл бір десек, екінші бір мәселе – жасына жетпей жыныстық қатынасқа түсу мен қыз қабағына ауыр мұң, аяғына құрсау түсуінің себептеріне үңілуіміз шарт. Ал, оның ең бірінші себебі – көбіне көп әлеуметтік тұрмыстың төмендігі. Себебі ауқатты отбасында өскен қыз балалардың арасында мұндай фактілер өте сирек ұшырасады немесе олар басына түскен ондай абыройсыздықты араағайындық немесе ақшаның күшімен жауып тастауы да ғажап емес. Десек те, 15-ке толмай сәби сүйгендердің көбі ерікті түрде ол шешімге бармайтыны айтпай-ақ түсінікті секілді. Яғни үріп ауызға салғандай үлбіреп тұрған қыз байғұстың кедей қоғамда немесе тұрмысы төмен отбасында тууы сорына дегізетін фактілер жоқ емес. Алайда зорлық болмай-ақ бала жастан екеуді үйлендіру ата салты саналатын елдер де бар. Соның ең біріншісі мемлекеті жоқ босқын жұрт – сыған. Мемлекеті жоқ болғандықтан, олар Албания мен Сербияда және басқа да елдерде көптеп кездеседі. БҰҰ-ның мәлімдеуінше, 2011 жылғы деректерде 13-17 жас аралығында отау құрғандар саны Албанияда – 31 %, Сербияда 44%-ды құраған. Сондай-ақ бұл көштен Қырғызстан да құр қалмаған, яғни қырғыз қыздарының 12 %-ы 18-ге толмай күйеуге шығып, сәби сүйіп үлгереді екен. Қазақ та бұрын «он үште отау иесі» деген салтты ұстанғанын ескерсек, аталған елдердің әлі де сол даму деңгейінде екенін аңғару қиын емес.

Қараңғылық қасіреті...

Бұл бала жастан жыныстық қатынасқа түскендерге бейжайлық танытуы, тіпті өз еріктерімен үйлендіру фактісіне мысал болса, жасөспірім шақта жүкті болудың келесі бір себебі – мектеп пен орта кәсіптік білім беретін оқу орындарындағы тәрбие жұмысының дұрыс жолға қойылмағандығы. Себебі бар ынтасы білімге ауған, мектепті толықтай бітірген қыздардың бұл қауіпке ұшырауы екіталай. Болса да некен-саяқ. Яғни әлі өзінің бесіктен белі шықпай жатып, бесік тербеткендердің дені білімсіздер деуге толық негіз бар. Әйтпесе көзі ашық қыз бала, жалғыз қыздар емес, бозбалалар да күн сайын 20 000 жасөспірімнің аяғы ауырлайды десек, солардың 200-і жүктілікті көтере алмайтынын оқып, біліп, адам өміріне соншалық көз жұма қарай алмас еді. Ендеше, қашан да қордаланған мәселенің барып тірелетін жері қараңғылық болып шыға келеді.

Түйін:

Демек, бұдан шығатын қорытынды бізде біріншіден, бала тәрбиесін күшейту керек. Жұмыс пен тұрмысты бірінші орынға қоюдың салдары – мінекей. Бала бақылаусыз қалды. Ол бір, екіншіден ата-ана мен бойжеткен қыз бен ержеткен ұлдың арасында диалог жоғалған. Оларға жыныстық тәрбие берілмейді. Не анасы, не әкесі, не оқу орны оларға осы тұрғыда ақпарат бермейді. Сондықтан жыныстық сауатсыздықпен күресу керек. Ата-ана, мектеп балаға жабық тақырыпта ашық әңгіме жүргізуі шарт. 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар