$ 449.58  486.94  4.86

Әйелді көтеру – әлемді шарықтату деген сөз...

Гендерлік саясаттың негізгі міндеті – әйелдер мен ерлердің қоғамдағы үлесін теңестіру, әйелдің әлсіздігін пайдалану секілді әділетсіздіктерді болдырмау. Қазіргі таңда елімізде бұл жағына аса көңіл бөлінуде.
Фото: social.alashinform.kz
Фото: social.alashinform.kz

«Әйелдерді еркектерден көп дейді, ойбай-ойбай, бола берсің көп мейлі», – дейтін әлемде санаулы елдер болса, соның бірден бірі – біздің Қазақстан. Себебі елімізде барлық салада әйелдердің үлесі көп. Өмірге бала әкелу, яғни, демографиядан бастап, баланы бағу, өсіріп-жетілдіру, қала берді күнделікті өмірде байқала бермейтін отбасына қамқорлық, тіпті кейде отбасын бағу да әйелдердің мойнында деуге болады. Яғни, қазақ қоғамында әйел – алға жетелеуші күш. 
  
Жақсы әйел жаман еркекті сүйрейді

Ал, гендерлік саясаттың негізгі міндеті – әйелдер мен ерлердің қоғамдағы үлесін теңестіру, әйелдің әлсіздігін пайдалану секілді әділетсіздіктерді болдырмау. Қазіргі таңда елімізде бұл жағына аса көңіл бөлінуде. Атап айтсақ, біріншіден, отбасы міндеттерін еңбек қызметімен ұштастыру мақсатында еңбек заңнамасында ата-аналардың икемді жұмыс түрлері мен бала күтімі бойынша демалыс алуға құқықтары туралы нормалар бекітілген. Соған сай әйелдердің, жүкті және баласы бар әйелдердің еңбегін реттелді. 

Екіншіден, балалы отбасыларды қолдау мақсатында мемлекет әлеуметтік жәрдемақылар тағайындаған. Атап айтқанда, бала тууына және бір жасқа толғанға дейін бала күтіміне байланысты берілетін ақшалай көмектен бөлек, мүгедек бала тәрбиелеушілер мен 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы, көпбалалы аналар мен отбасылар үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы дегендер де бар. 

Сондай-ақ әйел заты үшін қай заманда да басты мәселе болып келген тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасында белгілі бір прогреске қол жеткізілді. Арнайы заң қабылданып, ірі қалаларда аналарға арналған дағдарыс орталықтары ашылды. Бұл да өз кезегінде отбасында қиянат көрген әйелдерге айтарлықтай дем берері сөзсіз. 

Жалпы, қазақ отбасының ұйытқысы әйел деп білген. «Жақсы әйел жаман еркектің есіктегі басын төрге сүйрейді» деуінің сыры да осында. Осы жағынан алғанда, гендерлік саясаттың идеясы дұрыс. Себебі отбасы жақсы болуы үшін алдымен әйелдің жағдайы дұрыс болуы керек, сонда ол отағасына да, балаларына да жақсы жағдай туғыза алады. Яғни, ҚР 2030 жылдарға арналған Гендерлік тұжырымдаманың негізгі мақсаты әйелді еркектен биік қою не ер мен әйелдің арасына жік салу емес, керісінше ортадағы келіспеушілікке жол бермей, отбасының біртұтастығын сақтау. Осы ретте елімізде жыл сайын «Отбасы күні» тойланып, «Мерейлі отбасы» ұлттық сайысы өткізілетінін айтсақ та жеткілікті. Ал бұл шара отбасылық қарым-қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту жөніндегі 2015-2020 жылдарға арналған жалпыұлттық жоспарда бекітілген. 

Жалғызбасты әкелер де мемлекеттік көмек алады

Осы тұста біз әлем елдерінің отбасылық және гендерлік саясат саласына шолу жасап көрсек. Шет мемлекеттердің дамуына жүргізілген талдау әлемде саласында бірыңғай әмбебап модельдің жоқ екенін көрсетті. Мысалы әлеуметтік саясаттың либералды моделі Ұлыбританияға, Ирландияға, Швейцарияға, Жаңа Зеландияға, Канадаға, Австралияға және АҚШ-қа тән. Бұл елдерде отбасыларды әлеуметтік қамсыздандыруда мемлекетке қосалқы рөл бөлінген, көмек мұқтаж отбасыларға ғана көрсетіледі. Және ол мемлекеттен емес, сақтандыру жүйелері есебінен жүзеге асырылады.  Ұлыбританияда жалғызбасты ата-аналарға жәрдемақы, денсаулық сақтаудың тегін қызметтері, тұрғын үй алуға жәрдем беріледі. Ал, Австралияда бір ерекшелігі жалғызбасты әкелер де мемлекеттік көмек алады, ал оның мөлшері олардың жалақысына байланысты.  
 АҚШ-та балаларға қатысты зорлық-зомбылық заңмен реттеледі, көптеген штаттарда, тіпті өткен ғасырдың 60-жылдарының өзінде-ақ  балаларға қорлық көрсету күдігі туындаған әрбір жағдай туралы билікке хабарлауға азаматтарды міндеттейтін заңнама қабылданған. Яғни, кімде кім үлкендер тарапынан зәбір шеккен бала көрсе, немесе сондай күдік туындаған жағдайда  балаларды қорғаумен айналысатын әлеуметтік қызметке немесе полицияға хабарлай алады. Мұндай хабарламалар қайырымды іс қана емес, бұл қарапайым қажеттілік болып саналады. 

Ал, Бельгия мен Францияда бала күтімі бойынша ұзақ мерзімді ақылы демалыстар беріледі және әр түрлі жастағы балаларға арналған қомақты ақшалай жәрдемақылар тағайындалған. 

«Бақытты отбасы», «Іскер ана»...

Көріп отырғанымыздай, гендерлік саясат әр елде әрқилы жүзеге асады. Және біздің елімізде де гендерлік саясатты қолдау қарқынды түрде жүргізілетінін байқауға болады. Елімізде әйелдер бала тууына байланысты 3 жасқа дейін еңбек демалысын ала алады және сол уақыт аралығында оның жұмыс орны сақталады. Сондай-ақ жәрдемақы төленеді. Қала берді биылдан бастап, табысы төмен отбасылардағы әр балаға Үкімет 21 мың теңгеден жәрдемақы тағайындады. «Бақытты отбасы» секілді орталықтар ашылып, осы бағдарлама аясында көптеген көпбалаы отбасыларға пәтер берілді. Ол аз десеңіздер, көпбалалы аналар енді алысқа сабылмай-ақ, өздерінің тұрғылықты жері бойынша көмекке жүгіне алады. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Үкіметке қол жайып отыра бермей, өзі табыс тауып, бизнес бастағысы келетін әйелдерге барынша қолдау көрсету мақсатында, «Іскер ана» бағдарламасын ашуды тапсырды. «Тегін оқып, жұмысқа орналасқан жеткіліксіз. Сондықтан, кәсіп ашып өз ісін дөңгелеткісі келетін аналарды барынша қолдау қажет», –  деді Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде.

Түйін: Әйтсе де, гендерлік саясатты әлі де болса жетілдіре түсу шарт. Айталық, аяғы ауыр әйел адамдар мен 3 жасқа дейінгі баласы бар әйел адамдарға төрт күндік жұмыс күнін белгілеген дұрыс секілді.  Сондай-ақ әйелдердің ай сайынғы алатын жалақысының мөлшерін де бес күндік жұмыс жасайтын қызметкерлердің жалақысымен теңестіру керек. Осындай жағдайларда әйел адамдарға көмек көрсетілетін болса, еліміздің гендерлік саясаты да ілгерілей түсері сөзсіз.

Мәриям ӘБСАТТАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары