Петропавлда 3 күннен бері 29 жастағы азаматты қала болып іздеп жатыр. Мемлекеттік қызметте істейтін жігіт туған кешіне кетіп, қайтып оралмаған екен. Тіпті, сол түні оның қалтасында несиесін төлеймін деген ірі көлемде ақшасы болыпты. Қазір азаматты туған-туысқандарымен қатар құзырлы орган өкілдері және еріктілер тобы іздеуге кіріскен, деп хабарлады КТК арнасы.
Екі айдан соң 29 жасқа толатын Сағындық Салықов әпкесімен бірге тұрыпты. Мемлекеттік қызметте абыройлы жұмыс істеген жігіттің қақ-соқпен ісі жоқ дейді табанынан таусылған туысқандары. Алайда, өткен жұма күні туған күн кешіне кеткен ол, сол бойы қайтып оралмаған.
Туысқандарының айтуынша, туған күн кешінен шыққан Сағындық жол бойы таксиден түсіп қалып, жаяу жүрмек болыпты. Тіпті, сол уақытта әпкесімен телефон арқылы тілдескен екен. Көңілге күдік ұялататыны, оның қалтасында несиесін түгел төлеп тастауға жететін ірі көлемде ақшасы болған. Ал Сағындықты іздеген жақындары бірден полицияға арызданыпты.
«Үшінші тамыз күні полицияның бірінші бөліміне азаматтың із-түзсіз жоғалғаны туралы арыз түскен. Қазіргі уақытта осы арызбен полиция бөлімдері жұмыс атқарып жатыр. Іздестіру ісі қозғалған. Сондай-ақ, іздестіру шараларымен ТЖД қызметкерлері айналысып жатыр», - деді СҚО ПД КПБ жедел уәкілі Данияр Ғалиақпаров.
Бейнебақылау камерасында оның сол түні жарығы жанған көшедегі бұрылысты кесіп өтіп, қараңғыға сүңгіп кеткені аңғарылады. Әрі қарай Есіл өзенінің жағалауы. Оның ұшты-күйлі жоғалуына қатысты түрлі деректер айтылуда. Ал жас жігітті ит жетектеген сарбаздар жағалаудан іздесе, құтқарушылар күндіз-түні судың астын сүзіп жүр.
Әзірге жоғалған жігіт туған күннен келе жатып не үшін бағытын өзгерткені бәріне жұмбақ күйінде қалып отыр. Қазір құзырлы орган қызметкерлерінен бөлек, Петропавл қаласы бойынша 100-ден астам еріктілер Сағындық Салықовты іздеуге кіріскен.