06.08.2019, 10:05

3 адам қайтыс болды: Алматының бір ауданын дала өрті жалмады

Қайғылы жағдай кеше, күндізгі сағат 13:00 шамасында болды.

Алматы облысының Панфилов ауданында дала өртін өшірмек болған үш адам ажал құшты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі. 

«3 адам қаза болды. Тағы 7 адам ауруханада жатыр. Біреуінің аяғы сынған. Ал қалған алтауы түрлі күйік жарақаттарын алған. Қайғылы жағдай кеше, күндізгі сағат 13:00 шамасында болды. Таудағы жайылым өртеніп, тоғайға қарай бағыт алған. Бұл адамдар - соны өшірмек болғандар», - деді Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Шухрат Құрбанов. 

Ал көз жұмғандардың бірі Жерұйық ауылының тұрғыны екен. 

«Қаза болған адам - менің көршім. Есімі Қанат еді. Бес баласы артында қалды. Біз Жерұйық ауылында тұрамыз. Бұлар ерікті болып барған көрінеді. Қанат аудандық әкімдікте көлік жүргізуші болып істейтін», - деді ауыл тұрғыны.