Азаматтық белсенді Талғат Аянның 13 тамызға жоспарланған бір адамдық пикеті өтпей қалды. Пикетке бір сағат қалғанда оны полиция ұстап, «Макс Боқаевқа бостандық» деген жазуы бар плакатын алған. Бұл туралы Талғат Аян Facebook парақшасында жазды. Аянның сөзінше, оны полиция пикет алдында көшеден ұстап әкеткен, деп жазадв Азаттық.
«Учаскелік полиция пунктінде үш сағат ұстады. Телефон мен плакатты алып қойды. Қала прокуроры ескерту берді. Әкімшілік хаттама толтырамыз деді, бірақ толтырмады» деп жазды ол желіде.
12 тамызда Талғат Аян Facebook парақшасына «13 тамызда облыстық әкімдік алдында бір адамдық пикет өткізіп, түрмеде отырған Макс Боқаевты босатуды талап ететінін» жазған.
2016 жылы сәуірдегі жер заңына қарсы митингіден кейін атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен бес жылға сотталған. 2018 жылы сот Талғат Аянның түрмеден уақытынан бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырып, шартты жазамен босатқан. Ал биыл 29 шілдеде Атырау соты оны мерзімінен бұрын жазадан босатты.
Макс Боқаев "қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын" айтқан. Қазір ол Ақтөбедегі қауіпсіздігі орта деңгейдегі КА-168/2 мекемесінде қамауда отыр.
Қазақстандық құқық қорғаушылар белсенді Аян мен Боқаевты "саяси тұтқын" деп таныған. БҰҰ сарапшысы "екі белсендінің ісі – Қазақстанның қазіргі жағдайының көрінісі" деп мәлімдеген.