$ 498.34  519.72  4.85

БҚО-да ішіп алған қалалық жігіттер ауылда мылтықпен оқ атқан

Орал қаласының төрт тұрғыны табиғатқа демалуға шығып, соның біреуі тіркелген аңшы мылтығын өзімен бірге ала жүрген.

Батыс Қазақстан облысында тұрғындар ауылда оқ атқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі. 

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 11 тамыз күні Бәйтерек ауданы Белес ауылында орын алды. 

Мән-жайды тексеру барысында анықталғандай, Орал қаласының төрт тұрғыны табиғатқа демалуға шығып, соның біреуі тіркелген аңшы мылтығын өзімен бірге ала жүрген. 

Олар Орал қаласы мен Белес ауылы аралығында аялдап, екеуі арақ ішіп, қалбырды көздеп, оқ атқан. Содан кейін екеуі Белес ауылына арақ алуға барған. Дүкеннен шыққаннан кейін Белес ауылының екі тұрғынымен сөзге келген. Сол кезде «қонақтардың» біреуі автокөлігінен мылтығын алып, бір жаққа жүгірген. Көп ұзамай адамдар атылған мылтықтың дауысын естіген. Сосын Белес тұрғыны «қонақтың» артынан жүгіріп, мылтығын тартып алған. 

Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. 

Аталған дерек бойынша «Сайга-20» мылтығы, оқ-дәрілер тәркіленді. 

Қарудың иесі мен оның танысына қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 436-бабы 1-бөлігі (елді мекендерде қару қолданып, оқ ату) және 440-бабына (алкоголды ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға мас күйінде бару) сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Оған қоса қару иесі аталған кодекстің 484-бабы 1-бөлігіне (қару иемдену, есепке алу, сақтау және тасымалдау ережесін бұзу) сәйкес әкімшілік сотта жауап беретін болады.

Тексеріс барысында адамдарға оқ атылғаны жөніндегі дерек расталмады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары