$ 446.49  475.38  4.79

Балаңыз себепсіз жылай берсе, не істеу керек?

Жүйкеміз сыр беріп, жылаған баланың даусынан шаршасақ та амалсыз сабыр сақтаймыз.
Фото: Donnews.ru
Фото: Donnews.ru

Өткенде көршімнің төрт жасар баласын сабап жатқанын көріп жаным ауырды. Балақай аса бір тентек емес секілді еді. Тек бір ұнамсыз тұсы, көп жылайтын. Бір жері ауырып жатқан шығар не болмаса қарны ашты ма әлде ойнап жүріп, бір жерін жарақаттап алды ма деп әртүрлі болжамдар жасап, өз ойымызбен оған «себеп» те іздейтінбіз. 

Бірақ, бір рет емес, күн сайын қайталана беретін болған соң, ызыңдаған, жылаған бала үнінен де шаршайды екен адам. Кейде жұмыстан қайтқан кешкі уақыттарда сәл тынығып алайыншы десең, көрші үйден баланың жылаған даусын жиі естіп, тынығу мүмкін болмайтын. Бірақ, бала ғой ол, бір себеппен жылап жатқан шығар деп қоя салатынбыз. Өйткені, біреудің баласына барып өктемдік жасай алмайтыным тағы белгілі. 

Жүйкеміз сыр беріп, жылаған баланың даусынан шаршасақ та амалсыз сабыр сақтаймыз. Сол көршінің баласы тезірек өсіп, жыламайтындай болса екен дейтінбіз. Әрине, «балалы үй базар», біздің үйде де осындай екі-үш тентек бар.

Отағасы ондай еркеліктерін көтермейтін болған соң, балалар да үйде әкелері барда тып-тыныш жүреді. Қанша дегенмен, еркеліктің «жөнін» білетін балаларыма ескерту жасап, тыйым салғаным болмаса, қол жұмсап немесе қатты дауыс көтеріп көрген емеспін. 

Бірақ, елдің барлығы шыдамды, сабырлы емес. Жұмысбастылықтан, жетіспеушіліктен жүйкесі жұқарып келетін ата-ана бірден ашуға баспай, баласының еркелігін көтеріп, мейлінше көңіл бөлсе баласы да беталды жылауын қояр бәлкім?! 

Алайда, мен осы жолы шыдай алмай, баласын ұрып жатқан ашулы көршіме барып басу айтпақ болып, үйлеріне бас сұқтым. 

Анасының қолынан сытылып шығуға ұмтылған баланы жібермей, қолынан ұстап тұрып, аузынан әкесінің туфлиімен ұрып жатыр. 

Сол кезде ғана ойыма бала кезімдегі көргенім түсе қалғаны. 

Ол кезде бала болсам да, әжелеріміздің жанында етегіне оралып, тізесіне шынтақтап жатып алып, «әңгіме» тыңдайтын едік қой. 

Ауылдағы әжемнің екі-үш құрбысы біздің үйге келіп, әжемді ертіп кеткен. «Әже, қайда барасыз? Мені де ерте кетіңізші» деп шалғайына жармасқаныммен, мені ертпеді. «Саған онда баруға болмайды, мен тойға бара жатқан жоқпын» деп кетіп қалды. Демек, тойға бармаса, әжем қазаға барады. Оны да түсініп алғанбыз. 

 Ертесіне тағы да көрші әжелер үйге келіп, әжеммен әңгімелесіп отырып, «Жарықтық, соған көрінді ме екен, ана бір қызы аузы бір тынбай жылай беретін. «Тісі шыққан баланың себепсіз жылай беруі де жаман ырым. Кісінің басын жалмайды» дейтін еді ғой бұрынғылар. Сол үйдегі келінге осынша айттым, егіз тапқан әйелдің кебісімен табалдырықтың жанында тұрып баланың аузына кебістің аяқ сұғатын жерін (аузын) тигізіп, үш рет жасаса жылағаны тыйылады екен, солай етіп көрші деп едім. Білмеймін, мен ондайға сенбеймін деп еді, жасамаған шығар бұл ырымды. 

Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды дегендей, оған анасы осындай «жеңіл жаза» қолданса, бала да мазасыз жылай бергенін қойып, бәлкім, әкесі де тірі жүрер ме еді» дегенін естіп таң қалдым. Адамның ақылына қонбайтын сияқты қазір ойлап отырсам, бірақ, сол кезде мен шынымен сенгенмін. 

Әдетте өзіміздің дәрменсіздігімізді сезінгенде ашу-ызамызды тіл алмаған балаға жаудырамыз. Ата-ананың кей кездері ашуланатыны қалыпты жағдай. Осындай ыза болған кезде «жауыз» балаға қол жұмсағысы келетінін де түсінуге болады. Өмірімде екінші рет жолығып тұрған осы жағдайдан соң, көршіме де «артық қыламын деп, тыртық қылып алма. Бала ғой, еркелігі шығар. Бірақ, ырымның да көмегі болмаса, тектен текке ырымдамайды ғой» деп оны қолдайтынымды білдірдім. 

Маған да қызық жағдай. «Мұның нәтижесі қалай болар екен?» деп күтіп жүрдім. Шынында да көрші үйден баланың жылауы азайғанын байқадым. Кейін ары қарай «қадағалау» есімнен де шығып кетіпті. Баланың мазасыз ызыңынан құтылып, тынышталып қалған көршімнің де шаршаңқы жүзіне өң кіре бастапты. Егер, сіздің де басыңызда осындай мәселе болса, әдіс-тәсілін жасап көріңіз, балалар жыламасын! 

Дереккөз: ERNUR.KZ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#ана мен бала