$ 498.34  519.72  4.85

«Шатастырды деп ойладық»: Алматыда көлік астында жаншылған жігіт оқиғаның қалай болғанын айтты

Нәзира Әлекееваның сөзінше, ұлдары төбелесқұмар емес.

Қолдарында қару болды! Алматыда көлік астында жаншылған жігіттердің бірі атыушлы оқиғаға қатысты өз шындығын айтты. Аяқ-қолы сынған Сергей Хан ішімдікке сылқия тойған бір топ адам әй-шәйға қарамай, жұдырық сілтеді деп отыр. Зардап шеккен азамат үндеу жариялаған күдіктілердің анасы оқиғаны мүлдем басқа арнаға бұрғанына қапалы, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Айта кетейік, қаланың ортасында көліктерімен ойқастаған күдіктілердің біреуі әлі ұсталған жоқ.

Ел аузында жүрген атышулы оқиғаны Сергей Хан аурухана төсегінде жатып есіне алды. Жанжалдан жапа шеккен азамат: «Дүкеннен шыққанымыз сол еді, бір топ жігіт сес көрсетіп, туысыма жұдырық сілтеді», - дейді. Ол тап берген қызуқанды жігіттердің әрекетін түсінбей, басқа біреулермен шатастырып алған деп топшылапты.

Сергей Хан, зардап шегуші: 

- Көрші ғимаратта жігіттердің бірбіріне айғайлап ерегескендерін көрдік. Бірақ мән бермедік. Көп ұзамай, он шақты жігіт бізге келіп балағаттай бастады. Түсінбедік. Біз – төртеуміз. Басқа біреумен шатастырып алған деп ойладық. Кейін ініме әйшәй жоқ жұдырық сілтеді. Төбелес басталып кетті. Содан кейін көліктеріне отырып, сес көрсеткілері келді.

Ары қарай Гагарин көшесі төбелес алаңына айналып кеткен. Сергей екі жігіттің көлікпен ойран салатынын «ойламадық» дейді. Тіпті, қарсы топтың арасынан қару ұстаған адамды анық көріпті. Қатты соққының салдарынан аяқ-қолы сынған азамат күдіктілердің анасы оқиғаны басқа арнаға бұрып отырғанына наразы. 

Сергей Хан, зардап шегуші: 

- Қару ұстап жүргендерін көрдім. Атыс қаруы ма оны нақты айта алмаймын. Көлікпен жүрген жүргізушілердің түрін анық көрмедім. Өйткені ағайшу, адам көп болды. Күдіктілердің анасы бізді кінәлап, видео үндеу жариялапты. Айтқандары қаңқу сөздерден құралған. Менің сөзімді куәгерлер растайды. 

Осыған дейін көлікпен адамдарды қасақана қаққан жігіттердің ағайынды екені белгілі болған. Жандос Әлекеев қазір қамауда. Ал оның інісі Дінмұхаммед тәртіп сақшыларына ұстатпай жүр. Күдіктілердің анасы күні кеше ғана халыққа видео үндеу жариялап, бауыр еті балаларын ақтап алуға тырысқан еді. 

Нәзира Әлекеева, күдіктілердің анасы: 

- 25-інде жиенімнің туған күні болған. Олар караокеге барды. Әрі қарай не болғанын білмеймін. Естуімше, үлкен ұлым Жандосқа караокеден шыққан кезде шабуыл жасалған. Әдеттегідей, келісе алмай қалыпты. Шабуылдаған адамдар – ересектер, ұлымнан жасы әлдеқайда үлкен.Сол кезде кіші ұлым көлігімен оларды қорқыта бастады. Өйткені олар Жандосты тепкінің астына алған. 

Нәзира Әлекееваның сөзінше, ұлдары төбелесқұмар емес. Ағайындылар бар болғаны бір-бірін қорғамақ болыпты. Дегенмен зардап шеккен азаматтар өтірік өрге баспайтынын алға тартып отыр. Мән-жайдың анық-қанығы тергеу аяқталғанда белгілі болмақ. Ол ұзаққа созылатын сияқты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Алматы