Көпке сенім ұялатып, үміт сыйлаған Көкаралға күтім керек. Себебі бөгеттің төменгі бөлігі Сырдарияның ағысына шыдас бермей, бұзыла бастаған. Балықшыларды қазір осы мәселе қатты алаңдатып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жалпы Қызылорда облысының Арал ауданында жылдық қуаты 11 мың тоннадан асатын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Жыл басынан бері олар 2 мың тоннаға жуық су маржанын өңдеді. Ал шетелге 1,5 тоннадай балық өнімдерін экспорттаған.
Арал қаласындағы ірі балық зауыты Қытай, Польша мен Германияға Көксеркенің сүбе етін экспорттайды. Ал мұздатылған Табан мен Ақмарқаға ішкі нарық пен ТМД елдерінен сұраныс көп. Бірақ теңіз байлығын пайдаланып отырған кәсіпорындар мен балықшыларды Кіші Аралдың тағдыры алаңдатады.
Берекет Боздақұлы, балық зауытының өндіріс жөніндегі меңгерушісі:
- Кіші Арал теңізінде бөгет бар. Сол бөгет күрделі жөндеуді талап етеді. Авариялық жағдайда тұр, САРАТС жобасының екінші кезеңі іске қосылып, бөгет тағы бір жөндеуден өтіп, болмаса, басқа бөгет салынса, теңіздің деңгейі ұлғаяр еді. Әлде де жақындар еді, балықтың мүмкін қоры көбейеді ме, басқа түрлері көбейеді ме деп үміттенеміз.
Мамандардың айтуынша, бүгінде Арал балықшылары жылына 7 мың тоннаға дейін балық аулайды. Мұндай мүмкіндікке Елбасының бастамасымен іске асқан «Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы аясында қол жетіп отыр.
Мырзадин Сәдуақасов, Арал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Кіші теңіздің келуіне байланысты су көлемі көбейіп, балық шаруашылығы дамып, өңірдің экономикалық дамуына және халықтың әл-ауқатының өсуіне жағдай жасалып отыр. Енді бұрын теңізде жоғалып кеткен балықтың 14 түрі қайта оралып, қазіргі кезде ауланып жатыр. Жалпы айтқанда Арал теңізінде балықтың 22 түрі бар. Енді содан қазір бізде аудан бойынша 8 зауыт балық өңдеумен айналысады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Арал мәселесіне ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс әкімдігіне Көк Арал бөгетінің деңгейін көтеру жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Өйткені кіші теңізге жиналған 27 млрд текше метр суды қайта жоғалтып алу қауіпі төніп тұрғанын мамандар да жасырмайды.
Қайрат Жансұлтанұлы, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:
- Көк Арал бөгетінің беріктігін қамтамасыз ету және Сырдария өзенінің атырабын қалпына келтіру жобасы бар. Техника экономикалық негіздемесін әзірледік. Және су ресурстары комитетіне өткіздік. Жобаның жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеуге Үкімет резервінен қаржы бөлуді сұрап отырмыз. Қолдау тапса, осы жылы жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленетін болады.
Облыс экономикасы мен экологиясын дамытуда кіші Арал теңізінің маңызы зор. Сондықтан әйгілі айдынды сақтап қалу өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайын да жақсарта түсері сөзсіз.
Айта кетейік, бүгінде балық өнеркәсібінде облыстың 3 мыңдай тұрғыны еңбек етеді.
Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.24.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс / Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на www.24.kz