$ 494.87  520.65  4.91

ШҚО-да кәмелет жасқа толмағандарды зорлау бойынша 70 қылмыстық іс тіркелген

Ердің жасындағы жігіт, өзінен үш-төрт есе жас кіші қыздың етегін түруге не түрткі болғанын полицияға түсіндірер. Ал бізге қыз баланың да сау емес екенін аудандағы әлеуметтік салаға жауапты маман түсіндіріп берді.

70 қылмыстық іс. Бұл биылғы қаңтар айының басынан бері сегіз айдың ішінде ішкі істер органдарының кәмелеттік жасқа толмағандарды зорлауға қатысты қозғаған қылмыстық істерінің саны. Істер негізінен төрт бап бойынша қозғалған. Зорлау, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекет, 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау, жас балаларды азғындық жолға түсіру.

Азғындық жол демекші, дәл осы жағдайға байланысты күні кеше ғана Аягөз қаласындағы айтуға ауыз бармайтын жайтты "Жас АЛАШ" (Аягөздегі зорлық көрген балалардың жағдайын тексеруге Нүсіпова емес, Байбеков аттанды) жазған еді. Психоневрологиялық-медициналық әлеуметтік мекемесіндегі наурыз айынан бері қайталанып келген қорлықтың қаншалықты рас-өтірігін арнайы құрылған комиссия анықтар. Сол үшін де жұмыс істеп жатыр. Әлеуметтік орталықта емделіп әрі тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндердің қорландық дегені рас болса, кінәлілердің жазаға тартылатыны да айдан-анық. Ал, әзірше аты аталған мекеменің директоры қызметінен уақытша шеттетілді. Осы оқиғаны облыс басшылығына дер кезінде жеткізбегені және уақытында жылдам шешім қабылдамағаны үшін, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының лауазымы төмендетілді.

Тағы бір жағдай. Шілде айының 27-інші жұлдызы жанған түні Зайсан қаласында 10 жастағы бүлдіршін зорланды. Кешкі сағат 21.30-да үйінен шыққан қызы оралмаған соң, анасы 102 номеріне қоңырау шалып, полициядан көмек сұрапты. Құқық қорғаушылардың жедел іздестіру әрекеттерінің арқасында қыз қала шетінен табылған. Тергеу амалдары барысында қыз баланы 34 жастағы жігіт, өзінің «NISSAN» маркалы жеке автокөлігінің ішінде зорлағаны белгілі болған. Күдікке іліккен адам ұсталды. Жасаған әрекетін жоққа шығарып отырған жоқ. Мойындайды.

Қазір, бір сәттік ләззатқа бөленгісі келген азаматтың ісі тергеліп жатқанын хабарлаған Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі: - Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 124 бабы, 4 бөлігі яғни, "жас балаларды азғындық жолға түсіру" дәйегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сот-медициналық және сот-психиатриялық сараптамалары да тағайындалған – деп ақпарат берді.

Ердің жасындағы жігіт, өзінен үш-төрт есе жас кіші қыздың етегін түруге не түрткі болғанын полицияға түсіндірер. Ал бізге қыз баланың да сау емес екенін аудандағы әлеуметтік салаға жауапты маман түсіндіріп берді.

 - Бұл қыз бала арнайы есепте тұр. Туадан жарымжан. "Психикалық даму белгісі тежелген" – деген, диагноз қойылған. Арнайы мамандар барып, үйінен оқытады. Ол үшін баланың өзіне ай сайын 10 100 теңгені аудандық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар бөлімі төлейді. Ол оқу-құралы мен өзге де қажетті заттарын алуға арналған. Оның сыртында республикалық қазынадан 41 500 теңге жәрдемақы беріледі. Анасының жалғыз қызы. Осы жағдайдан кейін біз де бақылауымызға алып, жиі барып, жағдайын біліп тұрмыз. Психологиялық кеңес те берудеміз. Басқа ештеңе айта алмаймын – деді, Зайсан аудандық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанар Қинашева.

Ал облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жаңағы кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты жасалған 70 қылмыстың 13-і Қылмыстық Кодекстің 120 бабы (зорлау) бойынша, 11-і 121-інші (сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекет), 33-і 122-інші (16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау), 13-і 124-інші (жас балаларды азғындық жолға түсіру) баптар бойынша қозғалғанын айтып отыр. Жасалған қылмыстық істердің жартысынан көбі қалалы жерлерде болған. Шамамен 63 пайызы. Бұл цифрға қарап, ауылдық жерлердегілердің де қарап жатпағанын аңғаруға болатын секілді.  23 жағдайда кәмелеттік жасқа толмағандарға қорлықты туыстары мен таныстары секілді жақын адамдар жасапты.

- Осы жыл басынан бергі сегіз айда аталған қылмыстық істерге қатысты 29 адамның қылмысы дәлелденіп сотталған. Қылмыстық Кодекстің 120 бабы (зорлау) бойынша алты адам, 120 баптың 4 бөлігімен (көрінеу жас балаға қатысты жасалған зорлау) 3 адам бас бостандықтарынан айырылған. Қылмыстық Кодекстегі 121 баппен (сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) 3, дәл осы баптың төртінші бөлігі (көрінеу жас балаға қатысты жасалған) бойынша 2 адам темір торға қамалған. Аталған кодекстің 122 бабымен (16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау) 13 жан, 124 баппен (жас балаларды азғындық жолға түсіру) 2 адам сотталған – деп, Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары