Бүгін Алматы қаласында Қазақ ұлттық медицина университетінің студенті Асылбек Жұмабаевты көлігімен қағып өлтірген Жайдар Қалымбаевқа қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
Бұған дейінгі сот отырысында прокурор айыпталушы Қалымбаевты бес жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
"Жайдар Қалымбаев ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-бөлімімен кінәлі деп танып, оған осы баппен бес жыл мерзімінде көлік құралын жүргізу құқығынан айыра отырып, төрт жыл мерзімінде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", - деп үкім оқыды судья Аршат Ықыласбайқызы.
Қалымбаев жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді.
Сонымен қатар, Қалымбаев жәбірленушілерге 3 миллион теңге моральдық шығынды өтеуі тиіс. Басында айыпталушының тарапы моральдық шығын ретінде 1,5 миллион теңге ұсынған екен.
Бірақ қайтыс болған Асылбек Жұмабаевтың әкесі сот үкімімен келіспейтінін айтады. Енді жәбірленушілер тарапы апелляцияға бермек.
Еске салайық, Қазақ ұлттық медицина университетінің екінші курс студенті курьер болып жұмыс істеп жүрген кезінде жол апатына ұшыраған. 1 шілдеде оның мопедін Солтүстік шеңберде жеңіл автокөлік қағып кеткен. Асылбек Жұмабаев ауруханаға аса ауыр халде түскен.