Қарағандының Достық үйінде Ашық есік күні өтті. Сондай-ақ бұл күні тұрғындарға кәсіби медиаторлардан тегін кеңес алуға мүмкіндік туды. Қазақстан халқы Ассамблеясының Заңына сәйкес, ҚХА-ның негізгі бағыттарының бірі медиация болып есептеледі. Демек, жалпыұлттық келісімдегі медиацияның ролі өте зор.
Әлеуметтік желілерден медиаторлардан кеңес алуға болатынын біліп келген Құралай Құмасбаеваның мамандарға қояр бір маңызды сұрағы болған. Ағасы екеуіне ата-анасынан мұра ретінде пәтер қалған. Алайда, қартайған ата-ананың жанында көбірек болып, бағып-қақтым деген наразылығымен пәтерді бөлісе алмайтынын айтып ағасы сотқа жүгінеді. Кәсіби медиаторлар қарағандылық тұрғынға бұл жағдайда қалай дұрыс қадам жасау керек, неден бастау керек екенін, бейбіт жолмен бітімгершілікке қалай келуге болатынын түсіндірді.
Қазіргі уақытта тиісті заңнамалар бекітіліп, өзгерістер енгізілуде. Заңгер мен адвокат жалдауды әркімнің қалтасы көтере бермейтін жағдайда кәсіби медиатордан тегін кеңес алу өте ыңғайлы әрі маңызды. Әртүрлі сұрақтарға тиісті кеңес берілген соң, шара дөңгелек үстелге жалғасты. Мұнда облыстық сот, прокуратура, этномәдени бірлестіктер мен облыстық Ассамблея құрылымдарының өкілдері - жалпы алғанда 40 адам қатысты.
«Қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтау жолындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда ҚХА ның негізгі бағыттарының бірі медиация. Елбасы да осы мәселеге үлкен зер салып, медация тәсілі адам құқықтарын ең қымбат қазынасы ретінде қастерлейтінін, мемлекеттің алғы шарты болу тиіс екенін атап көрсеткен болатын. Сондықтан елдегі медиация институтының дамуына барынша қолдау көрсетіліп, медиацияның кеңінен қанат жаюына ықпал ету қажет»,- дедіҚХА мүшесі, Қарағанды еврей бірлестігінің төрағасы Вилен Молотов-Лучанский.
Сондай ақ, келелі кездесуде халық арасында заң жағынан сауаттылық деңгейін көтеріп, сотқа дейін дау-дамайды бітімгершілікпен шешу мемлекет дамуының бірден-бір жолы екені айтылды. Мысалы, ағымдағы жыл ішінде Қарағанды бойынша медиаторлардың көмегімен 1000 нан аса дау шешілген.
Облыстық соттың медиаторы Тотай Ерімбетовтың айтуынша, бүгін тұрғындарға, жалпы қоғамға ауқымды бағдаралама ұсынылды.
«Азаматтар медиация арқылы даулы мәселені шешуге болатынын енді түсініп келеді. Демек, медиацияның болашағы зор. Ел татулығын жоғарыға қойған кешегі би бабаларымыздың сара жолы бұл. Біз медиаторлар өз көмегімізді әрқашан көрсетуге дайынбыз»,-дейді ол.
Бір айта кететіні, осы күні аймақ бойынша үш жүзден аса азамат тегін кеңес алған Мұндай шаралар Сәтбаев, Жезқазған және Балқаш қалаларында да өтті.