$ 498.34  519.72  4.85

Тоқаев Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты мәселені Қытай сапарында көтерді

Оның айтуынша, Қытайға жол жүргелі жатқанда мемлекет басшысына Ақжарқын Тұрлыбайдың анасынан өтініш түскен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапарында отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты жеке өтінішін жеткізді. Бұл туралы бүгін президенттің көмекшісі Мұрат Нұртілеуов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, Қытайға жол жүргелі жатқанда мемлекет басшысына Ақжарқын Тұрлыбайдың анасынан өтініш түскен.

"Осыған орай президент Бейжіңдегі кездесулерде Қытай тарапына өзінің жеке өтінішін жеткізді. Бұл мәселе жан-жақты талқыланды. Оның нәтижелері бойынша Сыртқы істер министрлігі арқылы осы жұмысты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Мемлекет басшысы өз тарапынан үлкен көңіл бөліп отыр.

Сондықтан сапар нәтижесі бойынша берілетін тапсырмалар тізіміне отандасымыздың тағдырына қатысты мәселе арнайы пункт ретінде кіретін болады", - деді Нұртілеуов Қазақстан президентінің Қытайға сапарының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында.

Естеріңізге салсақ, Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды.

Ал 9 қыркүйекте отандасымыздың анасы Зухра Сейтімова Қазақстан президентіне көмек сұрап хат жазған еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары