Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова ғылыми дәреже мен атақты заңсыз тағайындау мәселесі бойынша өзіне қатысты айыптауға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде сыбайлас жемқорлық және ғылыми дәреже мен атақты заңсыз тағайындау туралы маған қатысты ақпарат тарап жатыр. Бүгін Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы диссертацияны тексерді. Қазақстанда жазылатын ғылыми еңбектерді плагиатқа тексеретін жалғыз бағдарлама тек аталған орталықта бар. Анықтама скриншотын назарларыңызға ұсынамын», - деген вице-министр құжаттың фотосуретін Facebook парақшасына жүктеді.
Фатима Жақыпова өзінің мыңдаған әріптесі сияқты ғылым кандидаты, ғылым докторы дәрежелерін алудың барлық кезеңдерінен: жұмысты кафедрада талқылаудан сарапшылар және оппоненттердің, көпшіліктің алдында қорғауға дейінгі сатылардан толық өткенін мәлім етті. «2011 жылдан бастап Қазақстан кандидаттық және докторлық дәрежелерден бас тартып, толықтай философия докторы - PhD дәрежесіне ауысты. Диссертациялық жұмыстарға қойылатын талап өзгерді. Басылымдарға және дәйексөз алуға қатысты халықаралық ұстанымдар қосылды. Нақты айтып кететін тағы бір жайт: 2011 жылға дейін ғылыми дәрежені беру сол кездегі ережелерге сәйкес диссертацияларды Антиплагиат бағдарламасы арқылы тексеру мүлде болған жоқ. Ол тек жаңа жүйе соңғы жаңа ережелерде көрсетіліп, философия докторы - PhD дәрежесіне ғана қолданыла бастады. Иә, бұл алға басқан дұрыс қадам болды. Бірақ ешқандай жағдайда да еліміздің мыңдаған ғалымының – менің әріптестерімнің ғылыми еңбектерін сынау мен оларды жоққа шығару мақсатында емес!» - дейді ол.
Фатима Жақыпованың айтуына қарағанда, 2011 жылға дейін ғылыми дәреже Білім және ғылым министрінің 2003 жылғы 10 қаңтардағы №16 бұйрығымен бекітілген және 2011 жылға дейін күшінде болған ережелерге сәйкес берілген. Осылайша, 10-ыншы тармаққа сәйкес, автор жаңа шешімдерді нақты түрде дәлелдеп, сыни бағалауы тиіс болатын. Сонымен қатар, авторларға ұйымдардан ғылыми тұжырымдардың тәжірибелік мәні және ғылыми тұжырымдарды пайдалану бойынша кеңестер ұсынылатын.
«Аталған ереженің 11-ші тармағында диссертацияның негізгі мазмұны кемінде 30 ғылыми еңбекте, оның ішінде, 10 жеке, 3 шетелдік ғылыми басылымда және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы қадағалау мен аттестаттау комитеті бекіткен тізбедегі (кемінде бес түрлі атау) 10 басылымда жариялануы керектігі айтылған. Мен аталған талаптарды толығымен сақтай отырып, еңбектерімді тиісті жарияланымдарда басып шығардым. Сондай-ақ, кез келген адам автордың қорғауға ұсынған ережелерімен ашық түрде таныса алады. 15-ші тармақта диссертация әзірленген ұйым диссертацияның алдын ала сараптамасын өткізетіні көзделген. Менің жұмысым бойынша, дәл солай барлық басқа да жұмыстар бойынша ғылыми жаңашылдықтың болуына, өзектілігіне және тәжірибелік мәніне қатысты сараптама жүргізетін рецензенттер тағайындалып, олар диссертация бойынша оң пікір берді», - дейді Фатима Жақыпова.
Вице-министрдің айтуынша, жұмысты сондай-ақ үш оппонент тексеріп, диссертацияның жаңа ғылыми нәтижелері мен автордың көпшілік алдына ұсынылатын ережелерінің жиынтығына қатысты сыни бағалай отырып, қорғауға жіберуге болатынын анықтайды.
«Ол сатыдан да менің диссертациям дұрыс өтті. Барлық қорғау кезеңдерінен өту заңдылығын растайтын құжаттар бір айдың ішінде Білім және ғылым саласындағы қадағалау мен аттестаттау комитетіне ұсынылатын, онда жұмыс тағы бір рет тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен сараптамадан өтеді, ол сатыдан диссертация сәтті өтті. Тек барлық кезеңдерден сәтті өткен соң ғана ғылыми дәреже берілетін. Ғылыми дәрежені беру заңдылығын растайтын барлық құжаттар мұрағатта 75 жыл бойы сақталады. Ең соңғы айтарым. Осыған дейін маған және менің әріптестеріме қатысты таратылған жалған ақпарат бойынша ар-намысымызды, абыройымызды және iскерлiк беделiмізді қорғау туралы талап-арыз сотқа жолданып, сот өндірісіне қабылданды», - деп жазды Фатима Жақыпова.