Қарағандыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жыл сайын ұйымдастырылатын«Күй-MIX» республикалық байқауы өтті. Байқау финалистері Қарағанды қаласының Достық үйінде гала-концертке жиналды.
Байқауға қатысу үшін музыканттар тиісті өтінім беріп, іріктеу кезеңінен өтуі керек болды. Ақтық сайысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Көкшетау қалаларынан 8 қатысушы жіберілді. Байқау 18-28 жас аралығындағы жастар арасында өткізілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл жоба ауқымды болды. Байқау аясында № 102, №103 мектеп-гимназияларында, Қарағанды қаласының жоғары политехникалық колледжінде және Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-де қатысушылардың көрсетілім қойылымдары өтті.
«Біз жыл сайынғы «Күй-MIX» республикалық байқауын Жастар жылына орайластыруды шештік. Оны Қарағанды облысының Жастар ресурстық орталығы мен бірлесіп ұйымдастырдық. Байқау халық музыкасын танымал етуге, өскелең ұрпақты салт-дәстүрге, мәдениетке және халық шығармашылығына тартуға бағытталған», - дейді Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелер іжөніндегі басқармасының басшысы Нұржан Жетпісбаев.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде қарағандылық «Тарлан»тобына берілді. Бірінші орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген Темірлан Олжабай және Ернат Наурыз дуэті иеленді. Екінші орынды Бақытжан Желдербаев пен Мақсат Хасанов жеңіп алды. Үшінші орын Жаңаарқа ауданының музыканты Уәлихан Шекимовке бұйырды.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға дипломдар, ақшалай сертификаттар және сыйлықтар табыс етілді.
Жастар саясаты жөніндегі басқармада атап өткендей, байқау «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ұлттық бірегейлікті, мәдениетті және жеке ұлттық кодты сақтау бағытындағы міндеттеріне толық сәйкес келеді. Осы себепті ол Қарағанды облысының жобалар тізіліміне енгізілді.
Сонымен қатар, Гала-концертпен бірге домбырада ойнау үшін автоматтандырылған робототехникалық жүйенің тұсаукесері ұйымдастырды. Оны «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» оқушылары жасап шығарды. Робот әзірге тек «Еркемай»шығармасын ғана орындай алады. Алайда болашақта өнертапқыштар оны басқа да композицияларға үйретуді жоспарлап отыр.
Бұған қоса көрермендер шара барысында саксофонда орындалған күйлерді тыңдады, оны музыкант Ирина Борзых орындады. Тәттімбет атындағы колледж студенттері күй флешмобын әзірледі. Сондай-ақ сахнада Балалар өнер мектебінің домбыра сыныбы бойынша оқушылар өнер көрсетті. Кеш қонақтары мен қатысушыларға Қарағанды облысының дарынды жас музыканты Мағжан Файзрахман домбырада ойнау шеберлігін көрсетті.