$ 498.51  522.84  4.81

Алматы мен нұрсұлтандықтар Гонконгтегі наразыларды қолдап, акция өткізді

Наразылыққа шыққандар кеуделеріне сары лента байлаған.

Алматыда Жібек жолы көшесінің бойында бір топ азамат "Қытай экспансиясына" қарсы наразылық акциясын өткізді. Vlast.kz сайтының хабарлауынша, оған елуге жуық адам қатысқан.

Наразылыққа шыққандар кеуделеріне сары лента байлаған. Наразылардың бірі оны "Қытай экспансиясына қарсылық символы" деп түсіндірген.

Жиналғандар "Қытайға жол жоқ!", "Алға, Қазақстан!" деп айқайлап, плакаттар жайған. Қытай тауарларына бойкот жариялауға шақырған. Бұған қоса, саяси тұтқындарды босатуға шақырған.

"Настоящее время" тілшісінің хабарлауынша, акцияға қаладағы ұйғыр диаспорасының өкілдері де келген. Наразылар Қытайдың Шыңжаңдағы аз ұлттарға жасап отырған қысымына қарсылық білдіріп, "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінде" отырған тұтқындарды босатуды талап еткен.

Бүгін әлемнің 24 елінде 65 қалада Гонконгтегі наразыларды қолдау акциясы өтіп жатыр. Бұған дейін оған Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары да қосылатыны хабарланды. Алматылық белсенді Марат Тұрымбетов "Настоящее время" телеарнасы тілшісіне бұл акцияға Гонконгтегі наразыларды қолдау үшін келгенін айтты. Түскі сағат 12 шамасында бұған ұқсас акция Нұр-Сұлтанда да өтті.

Алматыда өзін әкімдік өкілі ретінде таныстырған адам жиналғандарға "жиын өткізу үшін рұқсат сұрау қажеттігін" айтып ескерткен. Бірақ жиналғандар тараудан бас тартқан.

Гонконгте үш айдан астам уақыттан бері өтіп жатқан акция әуелі тұтқындарды Қытайға экстрадициялау туралы заң жобасына қарсылықтан туғанымен, уақыт өте келе белсенділер талабы көбейе түсті. Қазір олар Гонконг басшысын Пекин емес, қала тұрғындарының өзі сайлай алатындай құқық беруді, ұсталған наразыларды босатуды, толқу кезінде жұртты күшпен таратқан полицияның әрекетін тергеуді талап етеді.

Қазақстанда қыркүйек айының басынан бері "Қытай экспансиясына" қарсы акциялар жиілеген. 2-3 қыркүйекте Жаңаөзенде жүзден астам азамат Қазақстанда "Қытайдың 55 зауытын салуға" қарсылық білдіріп, кейіннен мұндай акциялар басқа қалаларда да өтті. Наразы азаматтар биліктен Қытай жобаларынан бас тартуды, көрші елден несие алмауды, онымен қарым-қатынасты шектеуді талап еткен.

Ал ресми Нұр-Сұлтан "Қытаймен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалар арқасында елде мыңдаған жұмыс орындары ашылып, түрлі саланың дамып жатқанын" алға тартқан.

"Қытай экспансиясына қарсы" наразылыққа қатысқан азаматтарды полиция 16 қыркүйектен бастап ұстап, кейбірін әкімшілік жазаға тартты, кейбіріне ескерту жасап босатты.

Дереккөз: Азаттық

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары