$ 494.87  520.65  4.91

«Ресейдің ығына жығылды»: Киев халқы билікті айыптап, наразылыққа шықты (ВИДЕО)

Бұған ұқсас акциялар Украинаның өзге қалаларында да өтті.

6 қазанда Киевте Тәуелсіздік алаңында "Штайнмайер формуласына" қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар Украинаның шығысындағы жағдайды реттеу мәселесінде билік "Ресейдің ығына жығылды" деп санайды.

Азаттықтың Украин қызметі оқиғадан тікелей эфирде хабар таратты:

Қазан айының басында Донбастағы жағдайды "Штайнмайер формуласы" арқылы реттеуді ұсынатын құжатқа қол қойылған еді. Украина жағынан оған комиссия өкілі Леонид Кучма қол қойды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Германияның бұрынғы сыртқы істер министрі, қазіргі президенті Франк-Вальтер Штайнмайер ресейшіл сепаратистер бақылауындағы Украина шығысындағы аймаққа "ерекше мәртебе беру туралы" заңды уақытша енгізуді ұсынған. Бұл ұсыныс "Штайнмайер формуласы" деп аталды.

Жексенбі күнгі акцияға бірнеше мың адам қатысты. "Капитуляцияға жол жоқ!" деген жазуы бар плакат ұстаған наразыларды бұрынғы президент Петр Порошенконың "Европейская солидарность" партиясы қолдады. Акцияға келгендер президент Владимир Зеленскийдің әрекетін айыптап, келісімнің Украинадан гөрі Ресейге тиімді екенін айтты. Бұған ұқсас акциялар Украинаның өзге қалаларында да өтті.

3 қазанда Владимир Зеленский телеарналар арқылы мәлімдеме жасап, "Штайнмайер формуласы" тек бірқатар шарттар орындалған жағдайда ғана жүзеге асады деп халықты сабырға шақырған. Оның айтуынша, бұл формула жүзеге асуы үшін Ресей Украина шығысынан әскерін әкетіп, Ресеймен шекара аумағындағы бақылау украин шекарашыларына өтуі тиіс. Зеленский сонымен бірге Донбастың ерекше мәртебесі туралы заңды халықпен талқылауға уәде берген.

Дереккөз: Азаттық

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Ресей