$ 444.22  476.38  4.82

Алматыда жалақыларын ала алмаған жұмысшылар биліктен көмек сұрады

Құрылысшылардың айтуынша, жұмыс беруші мекеме әр жұмысшыға шамамен миллион теңге қарыз.

Көпір салумен айналысатын "Мо-25 мостоотряд" компаниясының (Рязанов атындағы №25 көпір құрылысы отряды) бір топ жұмысшысы 11 қазанда компанияның Алматыдағы кеңсесіне барып, қаңтар айынан бері жалақы алмағандарын айтып шағымданды.

Құрылысшылардың айтуынша, жұмыс беруші мекеме әр жұмысшыға шамамен миллион теңге қарыз. Билік өкілдері араласқанмен әзірге мәселе шешілмеген, деп жазады Азаттық.

– Оқу жылы басталды, балаларға киім керек. Барлығы қарыз. Несиелері бар. Бұларға айтатын сөзім жоқ, ештеңе дей алмаймын. Алматы әкімі Сағынтаевтан мәселемізді шешіп беруін сұраймын. Жоғары жақта отырғандар көмек берсе екен, - дейді наразылардың бірі Бекболат Беделов.

"Мо-25 мостоотряд" компаниясының кейбір қызметкерлері 2018 жылдың қараша айынан бері жалақы алмағандарын айтады. Компанияға жалақы бойынша шағымданған жұмысшылар тізімінде 32 жұмысшының аты-жөні көрсетілген. Құжатты жұмыс берушілер өткен аптада берген. Ондағы дерекке сәйкес, компания оларға 18 миллионнан астам теңге қарыз. Бекболат Беделов бұл тізімге кірмей қалғандар да бар дейді.

Жұма, 11 қазанда кеңсе алдына жиналғандар арасында компанияның бірнеше құрылыс нысанында жұмыс істейтіндер де болды. Алматы-Қарағанды тас жолы бойында көпір салып жатқан жұмысшылардың бірі Сайлаубай Жалғасбаев өзі жұмыс істейтін нысанда көптен бері құрылыс тоқтағанын айтады. Тек күзетшілер ғана қалған.

- Айлық бермеген соң ол жаққа бармағанымызға үш айдай болды. Жұмысқа шақырған да жоқ. Осы жігіттерге айтқандай бізге де құрғақ уәде беріп жатыр. "Әне береміз, міне береміз, бір жеті шыдаңдар, екі жеті шыдаңдар, бесінші күні береміз" дейді, – деп шағымданды Сайлаубай Жалғасбаев.

Жұма күні жұмысшылар талабына қарамастан кеңседен ешкім шыққан жоқ. Азаттық "Мо-25 мостоотряд" компаниясы директорының қол телефонына да хабарласты, бірақ тұтқаны көтермеді. Алматы қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаевтың айтуынша, компания әкімдіктің бір құрылыс жобасын жүзеге асырып жатыр. Ол "компанияның қаладағы жұмыстарына қажетті қаражатты аудардық, бірақ "Мо-25 мостоотряд" республика бойынша қызметкерлерінің жалақы мәселесін шеше алмай отыр" дейді.

Мәселеге Алмалы ауданы әкімі мен прокурорлар араласса да, әлі шешімін таппаған. Бір топ құрылысшы осы проблеманы айтып, шілде айында да шағымданған. Ол кезде компания директоры Тимур Накусов "жұмысшылардың жалақысын ары кетсе екі айға ғана кешіктіргенін" айтқан.

"Мо-25 мостоотряд" - бірнеше жылдан бері Қазақстан аумағында негізінен көпір, жолайырық салумен айналысатын құрылыс компаниясы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Алматы