$ 441.58  480  4.86

Павлодарда автоцистернаның жарылуына байланысты тергеу басталды

Бұл Транспортная көшесінің бойында орналасқан ғимарат.

Павлодардағы көлік бокстарының бірінде автоцистерна жарылды. Салдарынан бір азамат сол жерде тілге келместен көз жұмды. Қазір қайғылы оқиға бойынша тергеу-тексеру жұмыстары басталды, деп жазады 24.kz.   

Бұл Транспортная көшесінің бойында орналасқан ғимарат. Куәгерлердің айтуынша, жарылыстың күшті болғаны соншалық, жақын маңдағы бірнеше нысанға нұқсан келген. Цехтардың есіктері жұлынып кеткен.  

Александр Савинных, куәгер: 

- Жұмыс ауысымы ақяталған сәт еді. Киімімді ауыстырып жатқан кезде жарылысты сездім. Қатты дыбыс шықты. Шошып кеткенім соншалық, аяқ-қолым әлі дірілдеп тұр.  

Ал автоцистерна тұрған ғимараттың төбесі қираған. Алдын ала болжам бойынша, 200 шаршы метрден астам аумақ қираған. Төтенше жағдайлар қызметі өкілдерінің айтуынша, жанар-жағармай тасымалданған көлік жуырда Нұр-Сұлтан қаласынан сапардан келген. Жарылыс кезінде 33 тонналық цистерна бос болыпты. 

Ақмарал Есімханова, тілші: 

- Қазіргі уақытта түнгі жарылыс болған жер қоршауға алынды. Оқиға орнында сала мамандары тиісті жұмыстарды қолға алған. Жалпы, атвоцистернаны жарылуы салдарынан бұл жерде 42 жастағы азамат көз жұмды. Тағы бір азамат түрлі жарақаттармен ауруханаға түсті.  

Ал 51 жастағы азамат ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, алдағы аптада оған күрделі операция жасалады. 

Кеңес Ақылжанов, №1 қалалық ауруханасы жарақаттар бөлімінің меңгерушісі:  

- Бас миының жарақаты бар. Жамбасы сынған, жарақаты бар. Олар бөлек болса, аса қиын емес. Бірақ бірге болса, ол күрделі жарақат. Өйткені политравма дейміз.  Ауруханада керек дәрі-дәрмек бәрі бар. Емдейтін шаралар түгелі өткізіліп жатыр. 

Тексеріс жұмыстарына еңбек инспекторлары да кірісті. Қаза болған қала тұрғыны Қанатбек Тоқтағұлов. Ол металл жонушы болып еңбек еткен. 

Асқар Қапанов, облыстық еңбек басқармасының басшысы: 

- Қазіргі уақытта қайтыс болған азаматтың еңбек қатынасында болғаны немесе болмағанын анықтап жатырмыз. Егер келісімшарт жүзінде жұмыс істегені расталса, комиссия құрылады.  

Қанатбек Тоқтағұловтың соңында жары мен екі қызы қалды. Көршілері қара жамылған отбасына көңіл айтып, марқұмның игі істерін еске алды. Ол көзі тірісінде осы ауланы өз қолымен абаттандырған екен.  

Арман Әлиақпаров, марқұмның көршісі: 

- Үлкен қайғы, ажал. Көршілеріміз, бәріміз қайтты қайғырып жатырмыз. Осындай акөңіл жігіт болды. Бәріне көмектесіп, екі қызын көтеремін деп. Бір-екі жұмыста жұмыс жасап жүрді. Ешкімнен көмек сұрамай, не үкіметтен, не адамдардан. Күні-түні жұмыста жүріп, өмірі осылай өтіп кетті.  

Бұл жыл басынан бергі жұмыс барысында адам өлімімен аяқталған сегізінші оқиға. Тағы 80-ге жуық маман өндіріс орнында көз жұмған. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Павлодар