18.10.2019, 18:32

Алматының соғыс жылдарындағы келбеті бейнеленген «Алматы кезеңі» атты көрме ашылды

Алматы қаласында орналасқан Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде ашылған аталмыш көрме қазан айының соңына дейін жалғасатын болады.

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Алматы шаһарының келбеті бейнеленген қылқалам туындыларының көрмесі ашылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Алматы қаласында орналасқан Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде ашылған аталмыш көрме қазан айының соңына дейін жалғасатын болады. 

«Алматы кезеңі» атты жеке коллекциялық көрмеде Алматы қаласының соғыс жылдарындағы  түр-келбеті бейнеленген. Көрмеге белгілі қылқалам шеберлері Владимир Стерлигов пен Татьяна Глебованың графикалары қойылған.

Автономиялық бейкоммерциялық  «Диалог культур» ұйымы және «Жауһар» картиналар галереясы ұйымдастырған аталмыш көрмеге Алматы қалалық әкімдігі қолдау көрсеткен. 

Қылқалам шеберлері Ресей елінің тумалары болғанымен, соғыс жылдары Алматыда бірнеше жыл өмір сүрген. Тағдыр тәлкегін тартқан ерлі-зайыптылар үшін Алматы «өмірлерінің жұмақта өткен бөлігі» іспетті екен.   

«Владимир Стерлигов пен Татьяна Глебованың есімдері біз үшін маңызды, өйткені олардың тағдырлары Алматы қаласымен байланысты.  

Олар - соғыс жылдарындағы қаланың жадын сақтап қалғандар. Бізге олардың шығармашылығын көрсету өте маңызды болып көрінді.

Көрмеге келгендер бұл жұмыстардан керемет көріністерді, атмосфераны, табиғатты тамашалай алады. Суреттерде бәрі жанға жайлы, жылы.  

Ал, дәл сол уақытта басқа жерлерде соғыс болып жатқанын ескерсек, Алматыда бейбіт өмір болғанын байқаймыз», - деді Автономиялық бейкоммерциялық «Диалог культур» ұйымының арт-директоры Мақбал Мусина. 

Өнерінде өзіндік техниканы қалыптастырған суретшілердің жұмыстары Алматы қаласының сұлулығын акварель, жай қалам және графика түрінде бейнелеген. 

Тек бір ғана «Тау пейзажы» суреті майлы бояумен салынған. Әрбір суретті тамашалаған көрермендердің көз алдына Алматының таныс бейнелері елестейді. 

Айта кетейік, Татьяна Глебованың соғыс жылдарындағы ашаршылықты да бейнелеген суреттері Ресейдегі көрмелерде сақтаулы.

Татьяна Глебова 1900 жылы ресейдің Санкт-Петербор қаласында туған. 1942 жылдың жазында отбасымен бірге Алматыға қоныс аударған. 

Ал оның жұбайы суретші Владимир Стерлигов поляк тумасы. 1904 жылы туған. 1934 жылы репрессияланып тұтқындалған. 1935 жылы сотталып, Қарағандыдағы лагерге айдалған. 1938 жылы Қазақстан суретшілер одағына мүшелікке қабылданған.