$ 494.87  520.65  4.91

«Біз бәрін білеміз, бірақ ақша жоқ»: Ақмола облысының әкімдігі топан суға төтеп бере алмай отыр

Қауіптің алдын алатын техника атауы бұл жақта мүлдем жоқ.
фото: azattyq-ruhy.kz
фото: azattyq-ruhy.kz

Ауылға қарай аққан суды бөгеуге 5 миллион теңгеге топырақ бөгеті салынғанымен одан нәтиже жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Ақмола облысындағы Жібек жолы ауылы тұрғындарының айтуынша, жергілікті билік халықтың шағымына мән бермей отыр. «13 үйді су басқан алғашқы келеңсіз оқиға 2016 жылы болды.Топан су алдымен саяжайды басып, кейін №8 шағын ауданға жетті», дейді ауыл тұрғыны Дина Базарбаева.

«Есіл өзені арқылы келетін ағын сумен бірге қамыс, шіріген ағаштар мен қаптаған қоқыстар да ауылға келеді. Нұр-Сұлтан қаласынан көмек тек 3-4 күннен соң ғана, яғни, су деңгейі көтеріліп, үйдің іргетасына жеткен кезде ғана жетеді. Ал, қауіптің алдын алатын техника атауы бұл жақта мүлдем жоқ», - деп шағымданды ауыл тұрғыны.

Құтқарушылардың көмегін күте алмаған халық құм-тасты мөшектеп тасып, бөгетті өз беттерінше бекітуге тырысып келеді. Дина Базарбаеваның айтуынша, өткен ғасырдың 60-жылдары салынған бөгет бүгінде әбден тозған. Жыларман жағдайда жүрген жергілікті жұрт бірнеше рет аудандық және облыстық әкімдіктерге жағдайды жеткізген. Бірақ жауаптылар құрғақ уәдемен ғана «көмек көрсетіп» келеді.

«Мамыр айында мен Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевқа барып, мәселемізді айттым. Ол маған «бәріміз білеміз, бірақ бізде ақша жоқ» деп жауап берді. Кейін бөгетті  аздап қалпына келтіруге, өзен арнасын тазартуға уәде берді. Бірақ, бәрі бұрынғыдай. Адамдарды жинап, өзіміз құм тасимыз. Тесіктерді тығындап жүрміз. Ал әкімдік сол бойы мән бермеді. Оларға осы арқылы пайда табу тиімді шығар», - деген ренішін білдірді Дина Базарбаева.

Судың зардабын тартып отырған ауылда екі мыңға жуық халық тұрады. Елордадан небәрі 20 шақырым жердегі ауыл халқының мәселесі әсіресе, күз бен қыс, көктемде көбейіп кетеді. Ал Аршалы ауданының әкімдігі жұмыс жүрмей жатыр деген сөзді теріске шығарды. Биыл Жібек жолы ауылының №8 шағын ауданында жалпы ұзындығы 4,2 шақырым жерге арық қазу және тас төгу жұмыстары жүргізілген. «Халыққа қауіп төніп тұрған жоқ» деген пікірден таймаған әкімдік су тасқыны кезінде қолданатын 200 тонналық инерт материалын сатып алғандарын жеткізді.

Проблемалы аймақ маңында арнайы зерттеу де жасалған. Ақмола облысы Аршалы аудандық азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы Николай Никиташенконың айтуынша, су жайылатын өлкеге 5 миллион теңгенің жұмыстары жүргізілген. Бірақ, негізгі су бөгетінің құрылысын күшейту биылғы жоспарда жоқ. 

«Су бөгетінің сметалық жобасы дайын. Құжаттар мемлекеттік сараптамаға жіберілгенмен, белгісіз себептермен қортынды кейінге қалдырыла береді. Алдағы уақытта ол жерге күрделі құрылыс жұмыстарын жасау жоспарымыз бар. Құжаттың сараптамада жатқанына бір жылдан астам уақыт болды. Бөгетке көп қаржы кетуі мүмкін», - деді Николай Никиташенко.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары