$ 449.58  486.94  4.86

«Қазір қазақ түсінбейтін мәтіндер көп» — филолог пікірі

Профессор «нәтижесінде» сөзі тек жағымды мағынада қолданылатынын айтты. Алайда, соңғы кезде бұл сөз аударма мәтіндерде орынсыз пайдаланылады.
фото: sputniknews.kz
фото: sputniknews.kz

Профессор Сабира Сапина қазір айтылып жүрген бірқатар сөз тіркесін қолданыстан алып тастау керек дейді
Қазақ технология және бизнес университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сабира Сапина аудармаларда жиі кездесетін қателіктерді атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Терминдерді аударудың қажеті жоқ

Профессор алдымен терминдерді аудару мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, термин сөздерді аударудың керегі жоқ.
«Менің ойымша, біз терминдерді аудармауымыз қажет. «Мына термин қалай аударылады» деп бас қатырмауымыз керек. Терминді белгілі бір мемлекеттік орган бекітуі тиіс. Ол жалпы халыққа түсінікті, әрі оны барлығы қолдануы қажет. Бірақ, кейде терминдерді қолдануда бірізділік жоқ», - дейді Сабира Сапина "Салалық терминдерді аудару тәжірибесі» атты әдістемелік онлайн-семинарда.

Аудармада жиі кететін қателіктер

Ғалым аудармаға қойылатын талаптар бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, аударма түпнұсқа мәтіннің мазмұнын толық ашып, аударманың баяндау стилі мен тәсілі түпнұсқадағыдай болуы шарт. Осы орайда, Сабира Мінәтайқызы аудармада жиі кететін қателіктерді атады.

«Аударма түпнұсқа секілді жеңіл оқылуы керек. Өкінішке қарай бізде «кеңсе тілі» деген термин пайда болды. Мәтінді оқысаң қазақша сияқты. Онда түпнұсқадағы сөздердің барлығы бар, бірақ, бұл толыққанды түсінікті аударма емес. Жалпы, қазір қазақ түсінбейтін мәтіндер көп», - дейді ол.

Профессор «нәтижесінде» сөзі тек жағымды мағынада қолданылатынын айтты. Алайда, соңғы кезде бұл сөз аударма мәтіндерде орынсыз пайдаланылады.

«Мысалы, «жыл басынан бері облысымызда 107 өрт шығып, нәтижесінде 1 адам қайтыс болып, 5 адам жарақат алған» деген сөйлемді алайық. Дұрысы – «салдарынан» деген сөздің болуы. «Нәтижесінде» сөзі жағымды мағынада, "салдарынан" сөзі жағымсыз мағынада қолданылады», - дейді ғалым.

«С участием» сөзін қалай аударып жүрміз

Сабира Сапина аудармашылар мәтіндерде «с участием» деген сөзді жиі қолданатынын, бірақ, оны дұрыс аудармайтынын айтты.

«Бұл сөз «біреудің қатысуымен» деп алынып жүр. Мысалы, министрлік өкілдерінің «қатысуымен» дейді. Дұрысы – министрлік өкілдері қатысқан, «қатысуымен» сөзі – дұрыс емес. Сондай-ақ, «кафедра мәжілісімен мақұлданған, президентпен қол қойылған, Біріккен ұлттар ұйымының комиссиясымен ратификацияланған» деген тіркестер бар. Дұрысы – президент қол қойған, кафедра мәжілісі мақұлдаған, Біріккен ұлттар ұйымының комиссиясы ратификациялаған», - дейді ол.

Атаулар да дұрыс емес

Профессор пікірінше, атауларды аударғанда да қателіктерге жол беріледі.

«Мысалы, «отыз жастағы Теміртау тұрғыны» емес, дұрысы – «Теміртау қаласының 30 жастағы тұрғыны», «Атамекен» Қазақстан Республикасы ұлттық кәсіпкерлер палатасы» емес», «Қазақстан Республикасы кәсіпкерлерінің «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы», «республикалық балаларды оңалту орталығы» емес, «балаларды оңалтудың республикалық орталығы», «Ұлттық онкология және трансплантология орталығы» емес, «онкология және трансплантологияның ұлттық орталығы». Біз бұл қателіктерге мән беруіміз керек», - дейді Сабира Сапина.
«Болып табылады» деген тіркесті қолданбайық

Ғалым «болып табылады» сөз тіркесін мүлдем қолданбауға кеңес берді. Профессордың пікірінше, сөйлемнің мағынасын онсыз-ақ ашуға болады. «Болып табылады» деген тіркес біздің дертімізге, ауруымызға айналды. «Является» деген сөзді «болып табылады» деп аудармайық. Мен осындай үндеу тастау үшін келдім», - дейді ол.

«Тұлға» сөзінің қолданылуы

Сабира Мінәтайқызы «лицо» сөзі қазақша «тұлға» деп аударылғанымен, аударма мәтіндерде бұл сөзді байқап, орнымен қолдану қажеттігін айтты. Себебі «тұлға» сөзі қазақ тілінде белгілі бір дәрежеге жеткен, қоғамда орны бар адамдарға қатысты айтылады. Ал орыс тілінде бұл сөз басқа мағынада да қолданыла береді.

«Мысалы, «лица, страдающие алкоголизмом или лица без определенного места жительства» деген сөйлемді алайын. «Алкоголизмге шалдыққан тұлғалар немесе тұрғылықты тұратын орны жоқ тұлғалар» деп аударылып жүр. Алайда, мұнда «тұлға» деп алуға келмейді. Оның орнына «тұрғылықты тұратын орны жоқ адам немесе алкоголизмге шалдыққан адам» дер едім», - дейді ғалым.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары