Германияда адам келбетін танитын жүйе әзірше қолданысқа енгізілмеген. Тек Берлиндегі Зюдкройц стансиясында іске қосылған пилоттық жоба террорлық қауіптің алдын алу үшін жасалып отыр. Онда жолаушылар легі 160 мың адамды құрайды, деп хабарлайды Хабар 24.
Бағдарлама тек болжамды қылмыскерлердің суреттерімен ғана жұмыс істейді. Бастапқыда эксперимент үшін 300 ерікті іріктелді. Камералар оларды көптің арасынан тану керек болатын. Нәтижесінде жүйе олардың 80 пайызын ғана тани алды. Олқылық тек 0,1 пайызды құраған. Нәтиже елдің ішкі істер министрлігінің көңілінен шықты. Ал сарапшылардың айтуынша, елдегі 5700 темір жол станциясына миллиондаған адам келеді. Жүйе дәл ақпарат бере алмаса мыңдаған жолаушыны қайта тексеріп отыруға тура келеді.
Министрліктегілер болса, жолаушыларды қолға түсірмес бұрын полиция оларды қайта тексеріп алу керек деп отыр. Десе де, Германияның заңы бойынша адам келбетін танитын жүйені автоматты түрде енгізуге рұқсат жоқ. Сондықтан болар бұл технология әзірге қолданылмаған. Кевин, Берлин тұрғыны: - Былай қарасаңыз дұрыс секілді, енді ойлап қарасаң, қисынсыз, қолдаймын да, қарсылық та танытамын. Ал егер билік мұндай камераларды қою керек деп шешсе, қалауы білсін. Үлкен қалада тұрамыз, оның үстіне босқындар да қаптап кетті. Қауіпсіздік жайын ойлағаны да дұрыс.
Анике, Берлин тұрғыны:
« Шынымды айтсам мен үшін қауіпсіздік бірінші орында. Адамдар көп шоғырланатын жерде заманауи технологияның жұмыс істеуіне қарсы емеспін. Қылмыс пен терроризмнің алдын алу үшін пайдасын тигізеді деп ойлаймын».
Марек, Берлин тұрғыны:
«Онсыз да көшелерде камера көп. Берлинде осы камераларды қоятын болса, оны айналып өтуге тура келеді. Соңымнан аңдығанды жақтырмаймын».